Жоңғарлардың қазақ еліне 1720-жылдары жасаған шапқыншылықтары “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген ортақ атаумен аталады. Cол кезеңдегі ең ірі шапқыншылықтың бірінде (1722 жылы) жоңғар әскері Қаратауды кесіп өтіп, Сайрам, Ташкент және Қарамұрт қалаларын басып алады. Дереккөздерде аштық пен кедейшілік, қазақтардың үлкен азапқа ұшырағаны туралы айтылғанымен, шабуылдың ауқымы мен адам шығыны туралы нақты деректің болмауы түрлі интерпретацияларға жол ашты. АҚШ-тағы Индиана университетінің Ph.D кандидаты Майкл Ханкок-Пармер кеңестік кезеңде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» қатысты түрлі дереккөздер қалай таңдалды?», «оларға сілтеме қалай жасалды?», «ол дереккөздердің кейбірі неге онша еленбеді?» және «ол деректер не себепті бұрмаланды?» деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында зерттеу жасаған. Бірнеше тарихи еңбекке талдау жасаған Ханкок-Пармер кеңес дәуіріне дейін, кеңестік кезеңде және тәуелсіз Қазақстанда “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасына сол кезеңдегі биліктің қажеттіліктеріне сай баға берілген деген қорытындыға келеді. Қазақ даласында кеңес өкіметі орнағанға дейін “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” туралы естеліктер келесі ұрпаққа қасіреттің сабақтарын түсіндіру ниетімен айтылса, Кеңес одағы тұсында қазақтардың Ресейден автономия алуы тағы бір ауыр қасіретке алып келеді деген ойды халықтың санасына сіңіру мақсатындағы коммунистік билік интерпретациясы басым болған. Ал тәуелсіз Қазақстанның саяси билігі орталықтанған күшті өкіметтің қажеттігін дәлелдеп, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қасіреті – “шашыраңқы қоғам сыртқы күштердің оңай олжасына айналатынын анық көрсететін тарихи сабақ” деген интерпретацияны қолданып келеді.
Кеңестік тарихшылардың дереккөздері
Кеңес ғалымдары “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасын интерпретациялауда қандай еңбектерге иек артты? Зерттеушілердің 1720-жылдардағы тарихи оқиғаны сипаттауда қолданған материалдарының саны өте шектеулі болды. Шын мәнісінде, “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қатысты қағазға басылып, жарыққа шықпай қалған материалдар көп емес. Кеңес тарихшылары негізінен Алексей Левшиннің, Шоқан Уәлихановтың және Василий Бартольдтің еңбектерін басты дереккөз ретінде қолданды.
Левшин 1832 жылы жазылған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» деген еңбегінде “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қысқаша ғана тоқталып кетеді. Онда ол “Ақтабан шұбырынды” қасіретін қазақтарды Ресей империясының құрамына қосуға алып келген тарихи оқиға ретінде көрсетеді. Сөзінің дәлелі ретінде ол Орынбор генерал-губернаторы Неплюевтің архивіндегі материалдарды және Кіші жүзді Ресейдің боданы болуға көндірген ресейлік эмиссар Тевкелевтің 1730 жылы жазылған есебін келтіреді. Левшиннің мәтіні “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын кеңестік тұрғыда интерпретациялаудың негізін қалады деуге әбден болады. Өйткені оның бұл жазбасына кеңес зерттеушілері өте көп сілтеме жасаған. Алайда, Левшиннің “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының қазақ идентификациясындағы орны мен қайғылы оқиғаның ұлттың тарихи жадында сақталуы және аңызға айналуы туралы ешқандай пікір білдірмегенін айта кету керек.
Хан ұрпағы әрі орысшыл ғалым Ш.Уәлиханов өзінің арғы атасы Абылай ханның “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарынан кейінгі ерлігіне арналған қысқаша энциклопедиялық еңбегінде оқиғаның қазақ халқының өміріне жалпы әсерін сипаттайды. Уәлихановқа оқиғаның детальдарына, нақты себептері мен салдарына тоқталудан гөрі аштық пен мыңдаған адам шығынының халық өміріне жалпы әсері және қайғылы жайттардың Абылай ханның қайсар мінезін қалыптастырудағы рөлі жайлы жазу маңыздырақ болды. Уәлиханов өз зерттеуінде Левшиннің еңбегіне және де халық арасындағы ауызба-ауыз тараған әңгімелерге сүйенгенімен, ешбір дереккөзге сілтеме жасамайды.
Бартольд «Памятная книжка Семиреченской области» еңбегінде “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қысқаша ғана тоқталады. Ол оқиғаны Ресей империясының жоңғарлармен жақсы қарым-қатынасқа ниетті әрекеттері контексінде сипаттайды. Бартольдтің жазуынша, жоңғарлар 1722 жылы Цинь билеушісі қайтыс болғаннан кейін Ресеймен саяси одақ құруға еш ықылас танытпаған. Оның пікірінше, Унковскийдің Сырдария жазығындағы шайқаста жоғарлардың қазақтарды жеңуі туралы есебін оқыған соң, І Петр жоңғарлардың саяси еркіндігінің артқанын түсінген. Сондай-ақ, Бартольд Левшин мен зерттеуші-тактик әрі лейтенант-полковник А.И.Макшеевтің еңбектеріне сілтеме жасайды. Макшеев Бартольдтің еңбегі шығардан аз уақыт бұрын көпшілікке беймәлім Йохан Густаф Ренаттың өмірбаяны мен Орта Азияның карталарына арналаған мақала жазады. Ресейдің қолындағы швед тұтқыны – Йохан Густаф Ренат Ертіс өзені маңындағы орыстар үшін сәтсіз аяқталған жоңғарлар мен Ресей әскері арасындағы шайқаста жоңғарлардың тұтқынына түседі. Ренаттың кейін Еуропаға алып барған картасы XVIII ғасырда еуропалықтардың қолында болған Орта Азия мен Шығыс Түркістан карталарынан әлдеқайда дәл әрі нақты болып шыққан.
1920-30-жылдардағы интерпретация
Кеңес тарихнамасында «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы тарихшы Александр Чулошниковтың 1921 жылы Мәскеу Археологиялық институтының Орынбор филиалындағы дәрістерінен басталады. Чулошниковтың “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қатысты ойлары кеңестік тарихнамада қате баяндау мен бұрмалап сипаттау үрдісіне жол салды. Чулошников өз еңбегінде мүлдем екі бөлек оқиға туралы жазады. Бірі – 1512 жылы болған “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы болса, екіншісі 1723 жылғы қазақ-жоңғар соғысы. “Ақтабан шұбырынды” тіркесін Чулошников Әбілқайыр ханның ұрпағы әрі заңгер Бақытжан Қаратаевпен болған әңгімелердің негізінде қолданады. Жоңғарлардың басқыншылық шабуылынан кейін Кіші жүз ханы Әбілқайыр Тевкелевтің қолдауымен Ресей империясының құрамына кіреді. Кейінірек Мұхамеджан Тынышпаев Чулошниковтың жұмысын өткір сынға алады. Чулошников 1723 жылғы қазақ-жоңғар соғысын тікелей Левшин мен Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне сүйене отырып сипаттайды. Бір қызығы, Тынышпаев Чулошниковтың еңбегін қатты сынай отырып, оның “Ұлы қасірет” (“Это было поистине великое народное бедствие”) деген тіркесін өз еңбегінде «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты кеңінен қолданады.
Санкт-Петербургтегі Теміржол институтын тәмамдаған соң М.Тынышпаев Ресейдің отарына айналған Орталық Азияда инженер ретінде қызметке кіріседі. Қызмет ете жүріп ол Орталық Азия халықтары арасындағы ерекше жақын байланысты байқайды. Сол кезеңде оның «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын сипаттайтын мақаласы жарық көреді. Мақалада Тынышпаев «Ақтабан шұбырынды» қасіретін арғы атасы – Жомарттың басынан өткерген оқиғасының негізінде баяндайды. Жоңғар шапқыншылығының алдында ғана жылқыларын піштірген Жомарттың тоғыз баласы қашуға мүмкіндіктері болмай, түгелімен қазаға ұшырайды. Тынышпаевтың әкесінің айтуынша, Жомарттың бір келіні сәбиін киіз үйдегі қазанның ішіне жасырып, өзі тау етегіндегі қалың шөптің арасына тығылып аман қалады. Өз руластары әлі күнге дейін жылқыларын сәуірде піштіретіндіктен, Тынышпаев “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы 1723 жылдың сәуірінде болған деп топшылайды. Кейінірек кеңестік зерттеушілер “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы 1723 жылы болды деп жазғанымен, ол датаны анықтаған Тынышпаев екендігін ескермеді, кейде оны ұмыт қалдырса, кейде тіпті жоққа шығарды.
1930-жылдары Ш.Уәлиханов, М.Қаратаев секілді хан ұрпақтарымен қатар Санжар Асфендияровтың да қазақ тарихына қатысты еңбектері жарық көреді. Покровскийдің ізімен Асфендияров қазақ тарихын марксистік теорияның парадигмасына сәйкестендіріп жазады. Қысқаша айтқанда, Асфендияров таптар арасындағы тартыстарға баса назар аударды. Бұл тәсіл Маркстің тарихи даму сатылары мен қазақ даласындағы экономикалық қатынастарды өзара байланыстыруды қажет етті. Жалпы, Асфендияров “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын 1738 жылы болды деп хронологиялық қателік жібергенімен, қасіретті оқиғаны сипаттауда тарихты марксистік теория тұрғысынан қарастыруды ұнатпаған Бартольд пен Тынышпаевтың стиліне сүйенеді.
1940-1950-жылдардағы интерпретация
Қазақтың ұлттық тарихын жазуға ұмтылған «бүлікшілердің» барлығы бірдей жазаланған жоқ. М.Тынышпаев пен С.Асфендияров “буржуазиялық ұлтшыл” деген жаламен атылғанға дейін қамауда болса, Вяткин секілді олардың әріптестері 1930-1950-жылдардағы ұлтшылдыққа қарсы қуғыннан аман қалды. Вяткин тек аман қалған жоқ, оның тарихшы ретіндегі карьерасы өрге басты. Мұның себебі оның орыс болуында емес, этникалық қазақ болмауында болса керек-ті. Дегенмен, Вяткиннің “Очерки по истории Казахской ССР” атты еңбегінің 1870 жылға дейінгі оқиғалар интерпретациясымен аяқталуы содан кейінгі кезең тарихы туралы еңбек жазудың саяси қаупінің жоғары болғандығын айғақтайды. Алайда, бұл еңбек қазақ-жоңғар соғыстары туралы бұрыннан бар сипаттамаларға айтарлықтай ерекше интерпретация ұсына алмады.
Ал “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын сипаттағанда Вяткин сол кезеңдегі интерпретацияларға сүйенеді. Сондай-ақ, ол ешқандай дереккөзсіз 1723 жылы Ұлы жүз аумағы, ал 1725 жылы Сырдария бойындағы қалалар толығымен жоңғарлардың бақылауына өтті деп жазады. Левшин Ұлы жүздің аз бөлігі жоңғар шапқыншылығына ұшырады десе, Вяткин бүкіл қазақ елі шабуылды бастан өткерді деп жазады. Шын мәнісінде, Вяткинге дейінгі тарихшылар Ұлы жүздің көп бөлігі бір немесе одан да көп ұрпақ алмасатын уақыт аралығында жоғарлардың бақылауында болды деп тұжырымдаған. Ал Ш.Уәлиханов пен М. Тынышпаевтың “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы туралы еңбектерінде Ұлы жүз аумағының жоңғарларға өтуі туралы айтылмайды.
1943 жылы шыққан “История Казахской ССР” атты еңбек кеңестік көзқараспен жазылған жаңа тарихи еңбектер сериясына жол салды. Лоуелл Толлеттің пікірінше, 1920-30-жылдары жазылған зерттеулер және Вяткиннің 1941 жылғы еңбегі “Кеңес одағы – колонизацияның жемісі емес, мемлекеттердің еркін одағы” деген 1950-жылдардағы интерпретацияға сай келмеді. Ал сол кезеңде Ресейдің еуропалық бөлігіндегі ғалымдар неміс оккупациясынан кейін Қазақ КСР-іне қоныс аудара бастаған. Орта Азияға көшіп келген ғалымдар мен жергілікті зерттеушілер жаңа коммунистік интерпретация аясында еңбектер жаза бастайды. Бұл дегеніңіз – бір-біріне қарама-қайшы Бартольд, Асфендияров, Вяткин және Тынышпаевтың көзқарастары негізінде жазылған еңбектердің қосындысы. 1943 жылғы “История Казахской ССР” еңбегі жарық көргенге дейін “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы Іле өзені жазығынан бастап, Қаратаудағы және Сырдария бойындағы қалаларды жоңғарлардың басып алуы ретінде суреттеліп келсе, аталған еңбекте бұл оқиға жоңғарлардан зәбір көрген қазақтардың орыс “бауырларына” барып қосылуына түрткі болған оқиға, яғни бүкіл қазақ даласының қасіреті ретінде ешбір нақты дерексіз сипатталады.
1948 жылы Ғылым Академиясының казақстандық бөлімшесі Ресей империясының Қазақстан жерін аннексиялау хроникасын қарастырған жаңа еңбекті басып шығарады. Еңбектің авторы – Саратовтан шыққан профессор Наталья Аполлова қазақ жерінің шығысындағы жоңғарлардың қысымы қазақтарды Ресей патшасының қол астына өз еркімен кіруге мәжбүрлеген басты фактор болды деп жазады. Аполлова кезінде Тынышпаевтың интерпретациясына негіз болған Жомарттың әңгімесіне сүйене отырып, “Ақтабан шұбырынды” кезеңін «Ұлы қасірет» жылдары ретінде суреттейді. Алайда автор әңгіменің дереккөзі ретінде Тынышпаевтың орнына орыс-татар этнографы А.Диваевты көрсетеді. Аполлова өз еңбегінде бірнеше рет Тынышпаевқа қате сілтеме жасайды. Оның бұлайша Тынышпаевқа тіке сілтеме жасауға ықылас танытпауы Тынышпаевтың он жыл бұрын “буржуазиялық ұлтшыл” деген желеумен қуғынға ұшырап, итжеккенге айдалуынан деуге болады.
1949 жылы биліктің назарына ілігіп, мемлекеттік наградаға ие болғысы келген бір топ ғалым 1943 жылғы “История Казахской ССР” еңбегінің бірнеше бөлімін редакциялап шығады. Редакцияланған бөлімдердің ішінде Тынышпаев жазған “Жомарттың әңгімесі” де болады. Бірақ 1949 жылғы еңбек 1943 жылы жазылған алғашқы нұсқаның кебін киеді. Тек 1957 жылы ғана М. Әуезов пен Бәйішев жетекшілік еткен нұсқа Компартияның рұқсатын алып, басылып шығады. 1957 жылғы “Тарих” кітабында орыс-қазақ қатынасын сипаттауда марксистік көзқарастың материалдық және технологиялық айшықты белгілері көрініс табады. Қазақ-орыс байланысы қазақтардың 1730-жылдардағы Ресей құрамына өз еркімен қосылуынан емес, оған дейінгі екіжақты сауда-саттық қарым-қатынастан бастау алады деген интерпретация басымдыққа ие бола бастайды.
1943 жылғы “История Казахской ССР” еңбегі “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын айтарлықтай өзгертіп сипаттаса, 1957 жылғы “История Казахской ССР” еңбегінде көптеген деректер алынып тасталып, олардың орнын жаңа, қате деректер басқан. Мәселен, 1957 жылғы еңбек бойынша жоңғарлар Қаратауды кесіп өтіп, Талас өзені маңындағы аймақты жаулап алады. Алайда, Талас өзені Қаратаудың шығыс бөлігінде орналасқанын ескерсек, жоңғарлар Ташкенттен және Сырдария бойындағы қалалардан әлдеқайда алыстап кетер еді. Ең қызығы – осы бір “географиялық қателікті” тарихшылар өз еңбектерінде бірнеше рет қайталап жазады. Сонымен қатар, жоңғарлардың қай жүздің аумағын шабуылдағаны және тірі қалғандардың қай қалаларға қарай ағылғаны туралы мәліметтердің тәптіштеп жазылуы КСРО-да тарихты “ұлттық негізде делимитациялау” жолға қойыла бастағанын аңғартады. Басқаша айтқанда, қазақтардың өз “шекараларын” кесіп өтіп, Хиуа, Бұқара, Самарқанд сияқты “өзбек” қалаларына қарай қашуы туралы мәліметтің қисынсыздығы 1957 жылғы еңбектің редакторларына біраз қолайсыздық туғызған. Осылайша 1943, 1949 және 1957 жылдардағы Қазақ КСР-інің тарихына арналған еңбектер қазақтар жоңғарлардың толассыз шабуылдарынан қорған іздеп, Ресейдің қоластына өз еркімен өтті деген идеяны негіздеуді көздеді.
Жалғасы 2-бөлімде.