Швецияның Лунд университетінде зерттеу жүргізіп жүрген PhD доктор Диана Құдайбергенованың “Қазіргі қазақ әдебиетіндегі тарихты қайта жазу” (“Rewriting the Nation in Modern Kazakh Literature”) еңбегіндегі қорытынды тұжырымдарды назарларыңызға ұсынамыз. Автор кітапта ХХ және ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі нарративтердің өзгерісіне тоқталады. Кітапта негізгінен қазақ әдебиетінің ұлт қалыптастырудағы мәдени рөліне назар аударылады. Тарихи кезеңнің аясында дамып келе жатқан қазақ әдебиетінің түрлі нарративтері сол кездегі ішкі элиталық бәсеке кесірінен дамуын тоқтатқан. Батыс ғылымында қазақ әдебиетінің тууы мен дамуы – әлі толық зерттелмеген тақырып. Сондықтан ғалым осы еңбек арқылы сол олқылықтың орнын толтыруға тырысады.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті ұлттық бірегейлікке үлкен өзгерістер алып келді. Советтік модернизация қазақ қоғамы мен мәдениетіне көп жаңалық енгізді. Баспа ісінің дамуы мен халық сауатының артуы жазушылардың шығармалары арқылы қазақ ұлтын қайта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сол арқылы жазушылар қазақ ұлтының кім және қандай екенін өз шығармалары арқылы халыққа жеткізуге тырысты.
Алайда, әдеби туындылар сол кезеңнің талаптарына тәуелді болғаны аян. Бұған қоса ол шығармалардың тағдыры оқырмандар мен саясаткерлердің, басқа жазушылар мен интеллектуалдардың оларды қабылдауы мен интерпретациялауына тікелей байланысты болды. Қазіргі оқырман ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туындыларын парақтағанда олардың “совет ұлтын” қалыптасыру мақсатында жазылғанын да естен шығармағаны дұрыс.
Алаш қайраткерлерінің күресі қазақ халқының ұлт ретінде гүлденуіне әсер етті. Алайда совет үкіметінің орнауы, постколониалдық мәдени элиталардың ішкі бәсекесі, әдебиетке жаңа совет толқынының келуі қазақтардың мәдени өмірін үлкен тоқырауға алып келді. Көп қазақ жазушысына жалған айып тағылды, бұл – жаңа Қазақ совет республикасының мәдени канондарын бақылауға бағытталған күрес еді. Әрине, бұл бәсеке мен жанжалдар жеке себептерге де байланысты өрбіді. Бұған қоса, қазақ интеллигенциясы жалған айыптаудан аман қалу үшін сол бәсеке мен жанжал ережелеріне көнуге мәжбүр болды. Сталиндік террор қасіреті үрей туғызып, кейінгі буын өкілдерінің ол кезеңді есте сақтап, талқылауына мүмкіндік бермей келеді. Ашаршылық тақырыбы әлі күнге толық ашылған жоқ, оның қасіреті ауыр болғандықтан, қазақ қоғамында 1970-80 жылдардағы бірнеше жасырын қозғалыстан басқа тегеурінді диссиденттік қарсылық ешқашан болмады.
Советтік модернизация көптеген нарративтердің тууына әсер етті. Ең алдымен ол қазақтан индустрияланған советтік ұлт жасау үшін оларды «артта қалу мен көшпенділіктен» арылтуға тиіс болды. Бұл сталиндік кезеңнің басты ұрандарына айналды, қазақ совет жазушылары құрылыс орындары мен фабрикаларға барып, қазақтардың кедей жатақтардан шығып, таптық болашақты армандайтын ұлтқа айналуын дәріптеді.
Индустрияландыру нарративі өткенді еске алмай, осы шаққа назар аударға итермеледі. Жазушыларға барынша шынайы дүние жазуға тапсырма берілді, кейде журналистік стильге тым жақын шығармаларда машина мен тракторды және теміржолды өмірдің маңызды бөлігі етіп көрсетуге тырысты. Жергілікті жазушылар мен интеллигенция осы ережеге бағынбаған қаламгерлерді айыптады. Сондай айыпталғандардың бірі – Мұхтар Әуезов болды. Әуезов совет жазушысы болғанымен, жақын достары мен әріптестері оны советке қарсы ұлтшыл идеялары үшін сынады. Әуезовтің “Абай жолы” шығармасы ескі таптық иерархияны сынға алды. Бірақ та қазақтардың көшпенді өмір салтынына ешқашан орала алмайтынына өзінің, революцияға дейінгі кезеңнің барынша шынайы болғандығын сипаттады. Сталиннен кейін шығарма өзгерген заман талаптарына сәйкестендіріліп қайта жазылды. Дегенмен, “Абай жолы” шығармасы 1960-1980 жылдардағы басқа шығармалардың тарихқа қайта үңілу сарынында жазылуына жол ашты.
Осы кезеңдегі қазақ әдебиеті тарихи нарративке толы болды. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының танымалдығы, жаппай оқу мәдениетінің қалыптасуы ұлттық және мәдени ренессанстың орнауына әсер етті. Ол кезең – баспа ісінің даму дәуірі болды, әдеби шығармалар көп басылып, оқырман арасында қымбат бағамен жылдам сатылды, адамдар өзара кітап алмасуды әдетке айналдырды. Осы мәдени революция қазақ студенттерінің мәдени капитал жинап, Алматы, Мәскеу, Ленинград университеттерінде докторлық дәрежелер алуына көмектесті. Ғылыми дәреже алған студенттер жергілікті бейресми топтар мен қозғалыстар құрып, жасырын бірақ «үнсіз» диссиденттерге айналды. Маңыздысы – олар ғылыми-танымдық тарихи новеллаларды өмірге әкелді, Ресейдің отарлауына дейінгі кезеңнің тарихына үңілген әдеби шығармалардың қатары молая түсті.
Ұлттық әдебиеттің жаңа толқыны екітілді болды әрі интерактив қалыпта дамыды. Қазақстан Жазушылар одағы қызу талқылаулардың орталығына айналды және екі тілді аударма туындылар мен ұлттық әдеби шығармаларды көптеп өмірге әкелді. Өкінішке қарай, бұл даму мен мәдени өзгеріс жазушылардың арасында ішкі бәсекеге себепкер болды. Элиталардың көптеген топтары басылатын шығарма квотасы үшін бәсекеге түсті, Жазушылар одағының ішіндегі билік үшін күресті. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жергілікті бөлімі интеллигенция ішінде үрей тудырып, бақылау жүргізіп отырды, сондықтан жазушылар ұлттық жандану негізіндегі шығармалармен ғана шектелді.
Цензураның күштілігі қазақ жазушыларының арасында “самоиздатты” немесе диссиденттік әдебиеттің өмірге келуін шектеді. Соған қарамастан, Олжас Сүлейменовтің рұқсат етілмеген «Аз и я» еңбегі, Мұхтар Мағауинның кейбір шығармалары кәмпескеленіп, қайта жазылды. Мағауин ойларын жеке күнделіктеріне ғана жазды (ол кейін жарыққа шықты), кейде тарихи, ұлтшыл шығармаларындағы символикалық тілі арқылы бүркемелеп беріп отырды. Қаламгерлер өз халқының тарихы туралы жазуды жартылай ғылыми, жартылай әдеби шығармалары арқылы жеткізуге дағдыланды. Осындай жанрды ерекше меңгерген тұлғалардың бірі – талантты жазушы әрі тарихшы Мұхтар Мағауин.
1970-жылдары қазақ жазушылары отаршылдыққа қарсы қозғалысқа қосыла бастады. Олардың отаршылдыққа қарсы шығармалары халықаралық деңгейге шықты. Қазақ жазушылары совет режимінің қолшоқпары болғандарын түсіне бастады, олар экологиялық апаттарға қарсы күресті және Мәскеу элиталары мақсат еткен ірі индустриялық жобаларға қарсы болды. Әнуар Әлімжанов Кения контекстінің негізінде отаршылдыққа қарсы риториканы Исатай мен Махамбеттің патшаға қарсы қозғалысымен біріктіре алды. «Пылающее копье» шығармасында М.Мағауин Кениядағы еуропалықтардың билеп-төстеуіне қарсы нарративті сипаттау арқылы Совет одағының Қазақстандағы үстем саясатын тұспалдады. Сәтімжан Санбаев пен Мұрат Әуезов өздерінің оқиғаларын Батыс Қазақстандағы Мақат нарративі арқылы таныстырды. Екі түрлі мәнерде (символикалық және күнделік жазба тәсілінде) екі жазушы отаршылдыққа қарсы месседжді аутентикалық ұлттық өткен шақ пен ұлттық келешек ретінде жеткізді.
Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ ұлтын қалыптастаруда қазақ әдебиетінің ХХ ғасырда өмірге келген нарративтері қолданылды. Жалпыхалықтық мерекелер мен еске алу кештерінде сол кезеңнің нарративтері халықты рухтандыру үшін қолданылды, дамып келе жатқан қазақ кинематографиясы сол шығармалар негізінде кино түсірді. Дегенмен, тәуелсіздік кезеңінде советтік нарративтердің тәртібі мен орны бұзылып, бөлшектенді, кейбірлеулері тіпті айтылмай қалса, енді бірі қазақ әдебиеті онтологияларында, оқулықтарында атап өтіледі.
Қазақ совет жазушылары қазақ ұлттық әдебиеті сақталып қалса деп армандады, бірақ олар арада 70 жыл өтіп, Қазақстан тәуелсіздік алған соң көп идеялары әлі де өміршең болып тұрады деп ойлаған жоқ. Сонымен қатар, жазушылар өздері негізін қалаған нарратвитерді келесі буын өзгертіп, қайта жазып шығады деп күткен жоқ. Постсоветтік ұлттық шынайылық өткен оқиғалардың нарративтері негізінде қалыптастырылған, бірақ ол қазіргі кезеңді жалғайтын көпір күйінде емес, өз бетінше өмір сүріп жатыр.