Жақында АҚШ-та өткен Орталық Еуразияны зерттеу қоғамының (Central Eurasian Studies Society – CESS) жылдық конференциясында IREX халықаралық мекемісінің білім беру бөлімінің бас маманы Стэнли Курьер Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы мансап орталықтарының жұмысы туралы зерттеуін ұсынды. Зерттеуде мансап орталықтарының студенттерге қаншалық сапалы кәсіби бағдар беріп отырғаны, олардың жастарды еңбек нарығына дайындаудағы мүмкіндіктері сарапталған.
Ғалымның талдауы Қазақстандағы мансап орталығының қызметкерлері арасында өткізілген сауалнама нәтижелеріне, осы салада жұмыс істейтін халықаралық және қазақстандық мамандармен жасалған сұхбаттарға негізделген. Автордың өзі Қазақстандағы жоғары оқу орнында төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеген.
Мансап орталығы деген не? Ол – болашақ маманның университет қабырғасына келгеннен бастап өз кәсібі туралы қажетті кеңес алып, дерек жинайтын маңызды орын. Түлектердің университет партасынан еңбек нарығына сәтті аяқ басуына, яғни кәсіби ортадан өз орнын табуына көмектесетін де – мансап орталығы. Оның үстіне, мансап орталығы университеттің өндірістегі әлеуметтік капиталын арттырып, университет пен өндіріс орындарының ынтымақтаса жұмыс істеуіне ат салысады.
Дүниежүзі жоғары оқу орындарының мансап орталықтары негізінен студенттердің тәжірибе орындарын табуына және жұмысқа орналасуына ерекше үлес қосады. Мансап орталықтары студенттерге жеке кеңес беріп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін өткізеді, жұмыс берушілердің маман таңдауына ат салысады. Мысалы, АҚШ-та мансап орталықтары студенттерге карьера жасау бойынша кеңес беруге, карьера жасауға қажетті дағдылар бойынша семинарлар өткізіп, тәжірибеден өткізуге көбірек көңіл бөледі.
Мансап орталығы – Қазақстан үшін жаңа құбылыс. Кеңес дәуірі кезінде түлектер өз мамандықтары бойынша жолдамамен жұмысқа жіберілетін. Сондықтан, түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беретін, жұмысқа орналастыруға көмектесетін арнайы кеңсе немесе бөлімшенің қажеттігі болмады.
Университеттің мансап орталығының жұмыс сапасы ішкі және сыртқы факторларға, атап айтқанда, университет басшылығының қолдауына, ондағы кадрлардың сапасына, бюджетке, студенттер мен түлектердің талаптарына, өнеркәсіппен байланыс деңгейіне, салалық талаптарға және экономикалық жағдайға байланысты болады.
Зерттеудің мақсаты – Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы мансап орталықтарының студенттерді еңбек нарығына дайындаудағы рөлін талдау. Ғалым мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының мансап орталықтарының арасында біраз айырмашылық бар екенін байқаған. Оның үстіне, Қазақстанның аймақтарындағы жағдай да әртүрлі болып шыққан.
Сауалнамаға қатысқан жоғары оқу орындарының арасында мансап орталығын ең алғаш болып 1995 жылы ашқан КИМЭП университеті де, мұндай орталықты тек 2015 жылы ашқан Көкшетау мемлекеттік университеті мен КазМЗУ бар.
Зерттеу нәтижелеріне қарасақ, мансап орталықтары негізінен болашақ түлектердің бәсекеге қабілетін арттырып, жұмысқа орналасуына көмектесу үшін тренингтер, семинарлар және мастер-кластар өткізумен айналысады екен. Зерттеу жұмысында Стэнли Курьер мынадай қызықты тұжырымдар жасаған:
► Қазақстандағы компаниялар түлектердің топта жұмыс істеу, презентация жасау және оны ұсыну, ортаға бейімделгіштік, шығармашылық ізденіс сияқты “soft skills” дағдыларына, сондай-ақ Excel сияқты бағдарламаларды қолдану, ағылшын тілін білу сияқты “hard skills” дағдыларына ие болғанын қалайды. Бір қызығы, компаниялар жас түлектен мәселелерді шеше білу қабілетін қатты талап етпейді екен.
► Студенттерге аудиторияда да, оқудан тыс кезде де теорияны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін практикалық іс-шаралар, мысалы, case study жарыстары мен проблемалық оқыту өте қажет.
► Университеттердің жұмыспен қамтылғандар туралы деректері әркелкі, дегенмен оқу орындары студенттердің тәжірибе жинап, жұмысқа орналасуына ат салысу үшін еңбек жәрмеңкелерін ұйымдастырып, жұмыс берушілермен тығыз жұмыс істеуге көбірек ден қоя бастаған;
► Университеттердің мансап орталықтары студенттерге барынша көмектесу үшін әлеуметтік желілерді қолдану, деректермен жұмыс істеу, студенттерге кеңес беру және түлектермен жұмыс істеу сияқты бағыттарда біліктіліктерін арттыру түсуі қажет;
- Мансап орталықтары жұмысқа орналасу, жұмыспен қамтамасыз ету үрдістері, тренингтер туралы ақпарат алмасып, тәжірибемен бөлісіп отыратын мансап орталықтарының ұлттық бірлестігін ашуға мүдделі.
Мақалада автор мансап орталықтарын дамытып, заманға бейімдеу үшін біршама ұсыныс тастаған:
- ҚазМЗУ тәрізді студенттердің тағылымдамадан өтуіне арналған жәрмеңкелер өткізіп, КИМЭП университеті сияқты мансап жәрмеңкесінде форумдар мен стратегиялық сессиялар ұйымдастырып, түрлі форматтағы іс-шараларды қолға алу арқылы университеттер студенттердің жұмысқа даярлығын арттыра алады.
- УниверситеттерНазарбаевуниверситетісияқтыжұмысберушілердіңқатысуыменжылбойытүрлііс-шараларөткізеалады. Мәселен, компаниялардыңкеңселерінебару, кампустыңішіндежұмысқатұрубойыншасұхбатжүргізудіңүлгісінкөрсету, компанияларөкілдерініңтүрліпрезентацияларжасауысияқтыбірлескеніс-шаралардыңпайдасызор.
- Студенттергекарьеражасаубойыншабірбеттіккеңесберужадынамасындайындап, тарату;
- Оқу орындары өндірістің түрлі салаларындағы бос орындар, жұмысқа алудағы басымдықтар, белгілі бір кәсіпке қажетті дағдылар мен біліктілік туралы жаңа ақпарат жинап, оны сараптап отыруға ерекше назар аударуы қажет. Мұндай талдауларды мансап орталықтарының өздері, жоғарғы курс студенттері не магистранттар жасай алады.
- Сарапшылардан, университет оқытушыларынан және мансап орталығы қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтары проблемалық оқыту, кейс жарыстары немесе практиканы көздейтін шараларды арттыру бойынша кеңес беріп отыруы керек. Әлемде мұндай өндірістік кеңестер бизнес пен университет арасында көпір рөлін атқарады. Мұндай әрекеттестік фандрайзинг арқылы университет дамуына қажетті қаржы тарту, оқу бағдарламаларын шынайы өмірдің қажеттілігіне бейімдеу, инновацияларды жылдам енгізу мақсаттарына қол жеткізуге жол ашады.
- Студенттермен қатар, академиялық бөлімдер, мансап орталықтары және жұмыс берушілердің барлығы үшін тиімді болатын тағы бір шара – компаниялардың демеушілігімен түрлі жарыстар ұйымдастыру. Мұндай жарыстарда студенттер сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге және техникалық дағдыларды қолдануға машықтанады. Көп жағдайда компаниялар жеңген топтарға сыйлықтар беріп ынталандырады, не оларға тәжірибе алу мүмкіндігін ұсынады, кейде тіпті жұмысқа шақырады.
- Қазақстандағы жоғары оқу орындарының мансап орталықтарының көпшілігінде қызметкерлер арнайы білім алмайды. Ал Батыстағы университеттердің мансап орталығының мамандары әдетте қызметке кіріспей тұрып не жұмыс істеу барысында халықаралық деңгейдегі The Academies Career Coach Academy тәрізді арнайы кәсіби бағдарламаларды тәмәмдайды.
- Қазақстандағы Мансап орталықтары қауымдастығының жұмысын қайта жандандыру қажет, себебі бұл ұйым білім мен ресурстардың құнды көзі болар еді. Онда Қазақстанның барлық оқу орындарындағы мансап орталықтарының мамандары тәжірибелерімен бөлісіп, еңбек нарығындағы үрдістерді, трендтер мен өзгерістерді бақылап отырар еді. Оның үстіне, мұндай қауымдастық Білім және ғылым министрлігімен арадағы мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік береді.