FORBES. “Халықаралық “Экспо 2017” көрмесі арқылы Қазақстан әлемдік аренада тағы бір белесті бағындырды”. Мақала авторы К. Рапоза “Астана Экспо 2017” халықаралық көрмесін Қазақстанның 25 жыл ішінде жеткен табыстарын әлемге паш етуге мүмкіндік беретін әрі экономикасының мұнай мен өзге де табиғи ресурстарға тәуелділігін азайтуға септігін тигізетін ірі іс-шара деп бағалайды. Мұнай Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 20 пайызын, бюджеттік кірісінің 50 пайызын, ал экспортының 60 пайызын құрайды. Автордың ойынша, постсоветтік кеңістікте алғаш рет өткен көрме – аймақтағы мемлекеттерге келешектерін мұнай мен газсыз елестетуга мүмкіндік беретін жоба. “3 млрд. АҚШ долларына тұрғызылған Экспо павильоны Диснейлендтің Epcot Center-нің өзгертілген дизайнын еске салады» дейді автор.
Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстанның экономикалық даму жолында жасыл энергияға басымдық беруі климатқа ерекше назар аударатын еуропалықтардың сенімін ұялатып, сәуір айында Еуропадағы қайта құру және даму банкі қоршаған ортаны қорғау және таза энергия бойынша жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстанға 1 млрд. АҚШ долларын қарызға берген. Көрме аяқталған соң Қазақстан Экспо павильонының орнына Халықаралық Астана қаржы орталығын іске қосуға ниеттеніп отыр. Қазақстан мен Ресейге инвестиция салумен айналысатын Blauwtulp Wealth Management in The Netherlands компаниясының басқарушы директоры Арент Тижсеннің “Меніңше, Астана қаржы орталығы ретінде банкирлердің қатты қызығушылығын тудыра қоймайды. Себебі Астанаға қарағанда азиялық банкирлерге Гонконг, Сингапур және Шанхай, ал ресейлік банкирлерге Мәскеу әлдеқайда тартымдырақ. Қазақстанның ауылшаруашылық, тау-кен өндірісі және ғарыш инженериясы секілді салаларда жетістікке жетуге мүмкіндігі бар“ деген пікірін келтіреді.
Рапоза мақаласын Трамп “Париж келісімінен” бас тартып жатқан кезде Ресей және Қытай секілді көршілерімен тату тәтті саясат жүргізіп отырған Қазақстанның халықаралық көрменің тақырыбын “Болашақтың энергиясы” деп таңдауы өте орынды әрі өзекті деп қорытындылайды.
THE DIPLOMAT. “Астана Экспо 2017: Болашақтың энергиясы және қазақи қарама-қайшылық” Журналист Кэтерин Путздың ойынша, халықаралық көрменің “Болашақтың энергиясы” тақырыбымен мұнайдың арқасында бой көтерген Астанада әрі экономикасы энергияның дәстүрлі көздеріне тікелей тәуелді мемлекетте өтуі шетелдік қонақтарды таң қалдырмай қоймайды. «Бұл көрме “Қазақстан әлемдік сахнада өзіндік орны бар, экономикасы дамыған, келешегі зор мемлекеттердің бірегейі” деген пікірдің қалыптасуын көздейтін Нұрсұлтан Назарбаевтың таза саяси мақсатын жүзеге асыру үшін “Болашақтың энергиясы” деген тақырыппен өткізіліп отыр» дейді автор. Путз өз мақаласын Қазақстанның мұнай өндіру көлемін арттыру ниетіне сілтеме жасай отырып, осы уакытқа дейін болашақтың энергиясына тек сөз жүзінде көңіл бөліп келген Орталық Азиядағы мемлекеттің басшылығы балама энергия көздері туралы әңгімелерді жаз бойы тыңдап, қонақтармен бірге шабыттанып, мұнайға тәуелділіктен құтылуға ден қояр деп түйіндейді.
EURASIANET. “Қазақстанның Экспосы: Даңғойлық жәрмеңкесі ме, әлде болашақтың жаршысы ма?” Мақала авторы Крис Рикелтон “Астана Экспо 2017” халықаралық көрмесіне қатысты бірнеше оқиғаға тоқталып өтеді. Кіріспесінде Рикелтон «экономикасы мұнай секілді қоршаған ортаны ластаушы шикізатқа тәуелді Қазақстанның “Болашақтың энергиясы” тақырыбын қозғауы қисынсыз» деген ойын білдіреді. Алайда, автордың пікірінше, көрмені ұйымдастыруға көп шығынданып, көрмені Қазақстанның жетістіктерін әлемге танытатын сәтті жоба етуге ұмтыла отырып Қазақстан басшылығы “Болашақ энергиясы” тақырыбын барынша қамтуға тырысты дейді. «Қазақстан халқының біраз бөлігі “Экспо – Қазақстанды әлемге танытудың мүмкіндігі” деген биліктің ұстанымын еш қарсыласпастан қабылдап жатыр» деп жазады автор. Сондай-ақ, автор бір ғана мақаласымен Қазақстанда ерекше танымал болып кеткен Foreign Policy журналының журналисі Палмер мен “Астана Экспо 2017” компаниясының қоғаммен байланыс директоры Куянов арасындағы “текетіреске” де тоқталып өтеді. Мақалада Куяновтың Палмерді “Қазақтанға табаны тимеген өтірікші” деп жөнсіз айыптауы қызу талқыға өзек тудырғаны айтылады. Рикелтон мақаласын тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың мына сөзімен қорытындылайды: “Экспо 2017 – патриоттық амбицияны қанағаттандыру мен батысқа біздің де қолымыздан халықаралық деңгейдегі жобаларды өткізу келеді” дегенді дәлелдеуге тырысу. Ал “Болашақтың энергиясы” тақырыбы болса маңыздылығы жағынан екінші орындағы мәселе ғана”.
THE TELEGRAPH. “Сіз картадан тауып көрсете алмайтын қала әлемдік туристтік орталыққа айналуға шақ тұр ма?” атты мақаласында Х. Моррис Астананың неліктен батыстық туристер келіп тамашалауға тұрарлық қала екендігін дәлелдеуге тырысады. Автор қаланың зор амбициясынан хабар беретін “Бәйтерек”, “Бейбітшілік және келісім сарайы”, “Хан Шатыр” секілді архитектурасы ерекше ғимараттардан бөлек Ritz Carlton, St. Regis, Marriott, Radisson сияқты әлемдік деңгейдегі қонақүйлер еуропалық туристердің демалысын ойдағыдай өткізуге дайын тұрғанын айтады. Сондай-ақ, Моррис кезінде халықаралық көрмелер өткен Лондон, Чикаго, Нью-Йорк, Париж, Цукуба, Барселона, Шанхай, т.б. қалалар секілді Қазақстанның астанасы да “Астана Экспо 2017” көрмесі арқылы әлемге өз жетістігі мен әлеуетін паш етуге ниетті екендігін атап өтеді. Мақалада Астананың ескі орталығы “советтік атмосферасымен” қаланың бай кеңестік тарихымен танысуға мүмкіндік беретіндігі де жазылған. Моррис мақаласын Қазақстанға келген туристер Шымбұлақ, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, Тянь-Шань таулары секілді табиғаты көрікті жерлерге бару арқылы да естен кетпес ерекше әсер ала алады деп түйіндейді.
ECONOMIST. “Жаңа Жібек жолы торабындағы Қазақстан”. “Егер автократ билеуші қап-қара, алып шар тұрғызса, ал оны халқы “Өлім жұлдызы” деп атаса оған оның таңдануына еш себеп жоқ. Егер “Жұлдызды соғыстардағы” (“Star Wars”) “Өлім жұлдызы” картадағы елдімекендерді жоюдың құралы қызметін атқарса, Қазақстанның “Астана Экспо 2017”-дегі павильоны Орталық Азиядағы мемлекетке әлемнің, әсіресе инвесторлардың назарын аударуды көздейді. Эксподағы Қазақстанның “Өлім жұлдызы” шапан жабу, қойдың басын қою секілді қазақтардың дәстүрлі қонақ күту рәсімдерін паш етеді. Ал “Керуенде” ұлттық нақыштағы сәнді сувенирлер сатылып жатыр”. «Экспо» қарсаңындағы Қазақстанды осылай суреттей келе мақала авторлары Президент Назарбаевтың Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” атты алып жобасына қосылу арқылы өз елінің географиялық орналасуын экономикалық мүмкіндікке айналдыруға талпынып жатыр деп жазады.
Сонымен қатар, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерінің жоғары болуы мұнай мен өзге де табиғи байлықтарға тікелей байланысты. Дегенмен, білікті үкіметтің сол байлықты салыстырмалы түрде тиімді игере білуін де жоққа шығаруға болмайды. Шикізат өнімдерінің бағасының құлдырауынан экономикалық қиыншылықтарға тап болған Қазақстан үкіметі ұлттық компанияларды жекешелендіруді қолға алып отыр. “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры өз бақылауындағы біраз компаниялардың акцияларын сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Мәселен, «Самұрық-Қазынаның» директоры Балжит Гриуэлге сілтеме жасай отырып, авторлар “ҚазАтомПромның” мемлекет бақылауындағы 25 пайызға жуық акциясы сатылымға шығуы мүмкін деп жазады. Сондай-ақ, 2019-2020 жылдарға қарай “Air Astana”, “ҚазМұнайГаз” секілді ірі ұлттық компаниялардың да акциялары жекешелендіру арқылы жеке тұлғалардың қолына өтуі мүмкін. Авторлар Қазақстанның жекешелендіруді шындап қолға алуға жеті жылдан бері уәде беріп келе жатқанына назар аударады. Алдағы жекешелендіру жоспарларына тұрақсыз банк жүйесі, олигархтардың қарсылығы және заң үстемдігінің болмауы кедергі келтіруі мүмкін.
Мақаланың соңына қарай авторлар әлі күнге дейін Қазақстанда Назарбаевтың саяси мұрагері нақтыланбағанын айтып, соңғы конституциялық өзгерістерге тоқталады. Жергілікті сарапшыға сілтеме жасап, авторлар конституциялық реформаның жүруі “билікті мұрагерге тапсыру процесі басталып кеткендігін аңғартады”, деп жазады. Авторлар «келесі президент кім болса да оның билігі біршама шектеліп, Н.Назарбаев өзінің “Тұңғыш Президент” статусын сақтап қалады» деген түйін жасайды.
THE NEW YORK TIMES. “Қазақстандағы әлемдік көрме энергия (және би) туралы”. Мақала авторы Эд Зукерман жер бетіндегі халықтың 99,99 пайызы секілді өзінің де Қазақстанда Expo көрмесі өтетінінен бейхабар болғанын, бұл туралы тек қызының Астанаға ерікті ретінде жұмыс істеуге баратынын айтқан кезде ғана естігенін жазады. Әуежайдан түсе сала Астанада көшпенділерді көремін деп ойлаған Зукерман қаланың замануи өмір салтына таңдасын жасырмайды. Қазақстанда өзін таң қалдырған дүниелердің қатарында қазы қосылған пиццаны ерекше атап өтеді.
Ал “Астана Expo 2017” туралы автор көбінесе түрлі мемлекеттің павильондарын сипаттауға басты назар аударады. Германияның балдырлар арқылы жылынатын үйі, Кубаның сигары, Соломон аралдарының биін сөз қылады. «Көрмені тамашалаушылардың басым көпшілігі – жергілікті қазақтар» дейді ол. Көрмеден бөлек Зукерман “АЛЖИР” лагеріне арналған мұражайда болып, қазақтардың тарихымен танысқан. Автор Назарбаевтың тікелей қолдауымен қазақ халқының тарихы ұмытылмай келеді деген ойын жасырмайды.
«1991 жылдан бері ел басқарып, әр сайлауда жоқ дегенде 95 пайыз дауыспен қайта сайланып келе жатқан президент Н.Назарбаев – басқаға үлгі боларлық демократ басшы емес, – дейді Зукерман. – Десе де, Астана мен оның тұрғындарына қарап Назарбаев ел байлығын халықтың пайдасына да жаратып отыр деуге болады». Expo-ны Астанада өткізу – Назарбаевтың идеясы, Астана мен ондағы ескерткіштер де – оның идеясы. Автордың ойынша, Астанадағы ерекше назар аударлық монумент – “Бәйтерек”. Сондай-ақ, автор “Бәйтеректегі” Назарбаевтың қолының ізіне жергілікті қазақтардың өз қолдарын қойып, тілек тілейтініне ерекше назар аударған. Өзі де қазақтарға еліктеп, қолын қойып, тілек тілепті. Зукерман мақаласын “Президент Назарбаевтың қолы үлкен екен”, – деп қорытындылайды.