CSIS: Жол сапасының нашарлығы — Қазақстанның дамуына кедергі

Вашингтон қаласында ораналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) Қазақстан тас жолдарының қауіпсіздік деңгейін сараптап, «Жаңа жібек жолындағы қауіпсіздік:  Қазақстан тас жолдарына баға беру»  (“Safety in  the New Silk Road Assessing Kazakhstan’s Highways”) деген есебін жариялады.

Жол  қауіпсіздігі — көп мемлекет үшін  әлеуметтік және экономикалық дамуға әсері бар басты мәселелердің бірі. Жыл сайын әлемде жол апаты кесірінен 1,25 миллион адам қаза тауып, 50 миллон адам жарақат алады. Бұл  малярия мен  СПИД сияқты ғасыр дерттерінен болатын адам шығынан да көп. Жол апатынан әсіресе 19-29 жас аралығындағы жастар көп қаза табады. Бұған қоса, жол апаты кесірінен кедейлікке ұшырап жатқандар да көп. Денсаулық сақтау жүйесіне кері әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі де — осы.  Жол апатының салдарынан әлем мемлекеттері орташа есеппен ЖІӨ-нің 2-4 пайызын жоғалтады.

Табысы төмен және орташа мемлекеттерде табысы жоғары елдермен салыстырғанда жол апаты көбірек болады.  Жол апаттарының саны 2007 жылдан бері үздіксіз өсіп жатыр. Болжам бойынша 2020 жылға қарай табысы төмен және орташа мемлекеттердегі жол апатының саны екі есе өспек. Орталық Азия елдерінде адам өлімінің басты себептерінің бірі — жол апаты (6-орын). Бұл — әлемдік (8-орын) және  еуропалық деңгейден (24-орын) әлдеқайда жоғары.

Жол апаттарының алдын алуға болады. Ол үшін ең алдымен жолдардың сапасын жақсарту керек. Жол сапасының апат статистикасына әсер ететіні дәлелденген. Дамыған мемлекеттер 1960-жылдардан бері жолдардың сапасын көтеру арқылы апат санын айтарлықтай азайтты.

Көптен бері назар аударылмай келген жол қауіпсіздігі тақырыбы қазіргі таңда әлемдегі, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріндегі  басты мәселелердің біріне айналды. 2015 жылы жол қауіпсіздігі БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының қатарына енді. Соған сәйкес, 2020 жылға қарай жол апаттары салдарынан болатын адам шығынын және жарақаттың көлемін 50 пайызға азайту, сонымен қатар 2030 жылға қарай барлық көлік қолданушыларды қауіпсіз, тұрақты, қолайлы  көлік жүйесімен қамтамасыз ету көзделген. 2016 жылдың қазанында Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының қатысушылары жол қауіпсіздігі стратегиясын қабылдады. Оған сәйкес  2030 жылға қарай, жол апатынан қаза тапқандар мен жарақаттанғандар санын екі есе азайту жоспарланған. Бұл жыл сайын 23 мың адамның өмірін сақтап, 250 мың адамды ауыр жарақаттан, мүгедек болудан құтқарады. Оның үстіне, осы апаттар 16 миллиард доллар шығын әкелер еді.  Алайда бұл мақсатқа жету үшін көп ресурс және  қатысушы мемлекеттердің қолдауы қажет.

Қазақстан жыл сайын жол апаттары салдарынан 9 миллиард долларға шығынданады, бұл – ЖІӨ-нің 4 пайызы.  Қазақстан — аймақаралық инфрақұрылымды дамытуға арналған  инвестицияларды пайдаланушы басты мемлекет. БҰҰ тас жолдар желісі, Азия даму банкінің Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының аясындағы транспорттық желілер және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қазақстан арқылы өтеді.  Бір-бірімен өзара тығыз байланысты аса ірі  жобалар  Қазақстанның тас жолдарын қамтитындықтан, олардың сапасы мен  жол апатының болу мүмкіндігін зерттеу маңызды. Соған орай  CSIS мамандары Қазақстандағы 13 мың километр тас жолдың (бұл — барлық тас жолдың 13,4 пайызы) сапасы мен олардағы жол апатының ықтималдығын зерттеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бойынша 52 мемлекетте  жүргізген зерттеуіне қарасақ, Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Жол сапасының төмендігі – елдегі адам өлімінің ең басты себептерінің бірі. Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстан тас жолдарының 17 пайызы халықаралық стандарттарға сай емес. Тас жолдардың тек 3 пайызы ғана жоғары  халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Есесіне соңғы он жылда Қазақстанда тіркелген көліктердің саны екі есеге көбейді.  Осы мәселені шешу мақсатында үкімет жол қауіпсіздігі бойынша ұлттық стратегия қабылдамақ.

Жолдардың қауіпсіз болуы тек инфрақұрылымдық жобалардың сәтті өтуі үшін ғана қажет емес. Халқының 45 пайызы ауылдық жерде тұратын Қазақстан үшін мектепке, ауруханаға және жұмысқа баратын жолдың қауіпсіздігі аса маңызды. Инфрақұрылымды дұрыс жобалап қана қоймай,  жүргізушінің жолдағы тәртібін жақсартып, қоғамдағы көлік жүргізу мәдениетін өзгерткенде ғана жолдар қауіпсіз бола түседі. Оның үстіне, тас жолдар сапасының артуы Қазақстанның Орталық Азиядағы траспорттық жобалардың басты орталығына айналдыруға септігін тигізеді.

Мамандар зерттеген тас жолдардың 76 пайызы екі жолаққа бөлінбеген және 50 пайыздан көбінде асфальт жаңартылмаған.  Қазақстан арқылы өтетін Азия тас жолдар желісінің  45 пайызына «жол жабыны жақсы деңгейден төмен» деген баға берілді. Мамандар жол жабынының нашарлығы тас жолдағы апаттар санының артуына алып келеді деген қорытындыға келді. Жолдар жабынының нашарлығынан көліктердің жылдамдығын бақылау қиындайды, соның кесірінен қақтығыс ықтималдығы артады. Тас жол жабынының сапасы қауіпсіздік пен қолайылыққа бірдей әсер етеді.

Тас жолдардың сапасын Азия тас жолдар желісінің 1995 жылы қабылданған талаптарына сәйкестендіру қажет. Бұл талаптарға сай болу үшін әлі көп жұмыс атқару қажет. Жол белгілерінің болмауы әсіресе ауылды жерлерде және түн мезгілінде апат санын көбейтеді. Жол сегменттерінің сапасына жақсы деген баға берілгенімен, қалалық жерлерде жол белгілерінің болмауы және жол жиектерінің жеткіліксіздігі тас жолдарды қолданушыларға қиындықтар туғызады.

Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы негізінде салынып жатқан тас жолдар көлденең қима, горизонтальды және вериткалды геометрия әдістері арқылы зерттелген.  Бұл жоба бойынша салынған тас жолдарда асфальтты жабын жетісепейді, ал асфальт жол көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Cонымен бірге, салынған тас жолдардың басым көпшілігі түзу болып келеді. Дегенмен, тас жолдардың түзулігі жүргізушілердің рөлде ұйықтап кетуіне де себепкер болады. Ал  бұл апаттың ықтималдығын арттырады. Осы жоба бойынша салынған алты жолдың үшеуі (Қарағанды- Бұрлыбайтал-Күрті,  Талдықорған-Қалбатау,  Атырау-Астрахань тас жолдарындағы бұрыластардың 5 пайыздайы ғана тік бұрылысқа жатады). Келешекте бұл жолдардың горизонтальды бұрыштарын және вертикалды рельефтерін тексеруден өткізу қажет. Бұған қоса, аталған жоба бойынша салынған алты жолдың төртеуін арасы бөлінбеген екі жолақты жолдан ортасы бөлінген төрт жолақты жолға айналдыру қажет. Осы арқылы басып озу кезінде болатын жол апаттарын азайтуға мүмкіндік туады.

Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы және Азиядағы тас жолдар желісі жобалары бойынша салынған тас жолдардағы апат ықтималдығы есептелген.  Яғни, сарапшылар жолдың бір километрінде көліктердің қақтығысу ықтималдығын анықтап, осы арқылы жол апаты көп болатын жолдарды анықтады.  Сараптау нәтижесіне қарасақ,  Қарағанды- Бұрлыбайтал-Күрті тас жолы жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша алғашқы орынға шыққан. Тас жолдардағы апаттардың негізгі себептері — басып озу кезіндегі қателіктер және жылдамдықты шамадан тыс арттыру болып саналады. Жол апатының себеп-салдарын зерттеуші мамандар көбіне жүргізушінің қателіктеріне көп мән беріп, жол сапасының төмендігі сияқты басқа факторларды елемей жатады.

Қорыта айтқанда, жолдарын жақсарту арқылы Қазақстанның Орталық Азиядағы дәнекер елге айналып, жол қауіпсіздігі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекет деңгейіне шығуға мүмкіндігі бар. Зерттеуде көрсетілген инфрақұрылымдарды дамытқан жағдайда Қазақстан жоғарыдағы екі мақсатты орындай алады. Қазақстан үшін жол сапасын арттыру — Еуропа мен Азия арасында пайда болатын жаңа транспорттық дәліздерден пайда көру мүмкіндігі болмақ.

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments