«Кеңес әйелінің» қалыбына сыймаған Фатима Ғабитова

Гарвард Университетінің PhD кандидаты Мария Блэквуд “халық жауының әйелі” атанып, сталиндік репрессияның құрбаны болған жазушы, педагог Фатима Ғабитованың жеке қолжазбаларына зерттеу жүргізген. Автордың пікірінше, оның еңбектері Кеңес одағындағы шынайы өмір жайлы екіұдай пікір қалдырады.

Кіріспе

Фатима Ғабитованың күнделігі “Мен, алты баланың анасы, өз отанымның жазықсыз құрбанымын. Менің отаным — Кеңес одағы” деген сөздерден басталады. Бұл сөздерді ол 1951 жылы «халық жауының әйелі» деген айып тағылғаннан 14 жыл өткеннен соң жазып қалдырған. Фатима Ғабитова сталинизм кезінде бір-біріне қарама-қайшы келетін қым-қуыт оқиғалардың ортасында жүрген. Ол жазбаларында Кеңес одағын мойындау не одан бас тарту мәселелерін қозғамаған. Сондықтан оның еңбектерін Кеңес одағы дәуірінің параметрлері негізінде бағалау орынсыз. Сол дәуірде өмір сүрген белді тұлғалардың өмірбаяндарына жасалған бұдан бұрынғы зерттеулер Кеңес одағы адамдардың ішкі жан дүниесіне дейін толыққанды енгендігін айғақтайды. Тіпті сыни пікірлер мен айыптаулардың өзі “сталиндік лексикамен” және кеңестік нормалармен жазылған.

Ал, Фатима Ғабитова Кеңес одағын қолдады я айыптады, не оған немқұрайлы қарады деп біржақты тұжырым жасау қателік болар еді. Кеңес одағының революциялық саясаты азаматтардан тек “кеңесше ойлай алатын” тарихи субъект “жасап шығарды.” Сталиндік репрессиядан жапа шеккен немесе оған бейтарап пікір білдірген азаматтардың өзі кеңестік категориялармен ойлап, сол негізде шығарма жазатын. Ал Фатима Ғабитованың жазбалары Кеңес одағы кезіндегі түсініктен бөлек болған әрі әлдеқайда кең ауқымды қамтыған. Сталиндік кезеңнің барлық тауқыметін басынан өткеріп, айыпталғанына қарамастан, жазушының ішкі әлемі бұл дүнияуи мәселелерден азат болған. Бұл — оның басты ерекшеліктерінің бірі. 1937 жылы жұбайы Ілияс Жансүгіров айыпталғаннан кейін Фатима Ғабитова өмірінің соңғы отыз жылын оның мұрасын, жазбаларын, естеліктерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуге арнаған.

Өмірбаяны

Фатима Ғабитова 1903 жылы сол кездегі Жетісу облысының уезд орталығы Қапал деген қалашықта білімді және салыстарымалы түрде ауқатты отбасында дүниеге келген. Оның ата-анасы әскерге шақырудан қашып, Жетісуға қоныс аударған Қазан татарларының ұрпағы еді. Әкесі Фатиманың алты айлығында бір кеште у беріп өлтірілген. 24 жасында жесір қалған Фатиманың анасы өзінің үш қызы мен қалашықтағы басқа балаларды үйінде оқытқан. Кейінірек аналары Фатима мен оның екі әпкесін Қапалдағы қыздарға арналған орыс мектебінде және сенбілік татар мектебінде оқытқан. Анасы қыздарының мектептен тыс білім алуын қолдаған.

1914 жылы I дүниежүзілік соғыс басталған соң патша үкіметі Орталық Азияның ірі қалаларын мекендеген немістер мен чехтерге сенімсіздік білдіріп,  оларды Қапалға көшіріп жіберген. Соның нәтижесінде Самарқанда банк директоры болған Карл Кайзер әулеті Ғабитовтардың үйінде үш жыл бойы тұрған. Франкфурт университетінде білім алған Кайзердің жұбайы Ида Карловна Фатима мен оның әпкесіне француз және неміс тілдерін үйреткен. 1917 жылы медресені бітірген Фатима 1919 жылы әріптесі әрі жергілікті Кедейлік комитетінің (комитет бедноты) төрағасы Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығады. 1930 жылы олардың тұңғыш қыздары қайтыс болып, артынша үшінші балалары дүниеге келеді. Бірақ сол жылы Алматы қаласына сапары кезінде Біләлді үкімет жергілікті ұлтшыл ұйымның жұмысына қатысты деп айыптайды. Б.Сүлеев 1932 жылы босатылғаннан кейін білім саласында жұмысын жалғастыру үшін Мәскеуге жиналады. Ол бала-шағасын бірге алып кетпек болғанымен, Фатима көшуді қаламай, қалып қояды. Хаттарында Фатима «отбасыңа жеткілікті қаражат жібермедің», «жиі хат жазып тұрмадың» деп, жұбайына кейіс білдіреді. Он жасар қыздары қайтыс болғанда Біләл сапарда жүріп, жұбайына қолдау көрсете алмаған. 1932 жылы қыркүйекте Фатима мен Біләл ажырасады. Бұл — Фатима Ғабитова мен ақын Ілияс Жансүгіров арасындағы азаматтық некенің басталған сәті еді. Біләл Фатиманы содан бірер ай бұрын ғана Ілияспен таныстырған еді. 1937 жылы Ілияс Жансүгіров айыпталып, “халық жауы” ретінде ату жазасына кесіледі. Фатима Ғабитованың үшінші махаббаты және соңғы ұлының әкесі белгілі жазушы Мұхтар Әуезов болды. Мұхтар Әуезов олармен бірге тұрмаса да, Фатима мен ұлы Мұрат Әуезовке қолдау көрсетіп отырған. Фатима Ғабитова көп жылын Ілияс Жансүгіровтың мұрасын сақтап, таратуға арнады. Ол 1968 жылы 64 жасында қайтыс болды.

Көзқарастағы екіжақтылық

“Халық жауының әйелі” деп айыпталған басқалармен салыстырғанда, Фатима Ғабитова жұбайы — Ілияс Жансүгіровтың мұраларын қылышынан қан тамған сталиндік репрессия заманында еш қорықпастан сақтаған. Ал басқа отбасылар қорыққаннан көп қолжазбаларды өртеуге мәжбүр болды. Фатима Ғабитова қолжазбаларды жұбайының НКВД-да қызмет атқаратын немере ағасына сақтауға берген. Ол Ғабитованың 1949 жылы Алматыға оралғанға дейінгі аралықтағы қолжазбаларының барлығын сақтаған. Осы уақыттан бастап, Фатима қолжазбалар негізінде архив жинаумен айналысады. 1957 жылы Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейін сол архивте сақталған шығармаларын жарыққа шығады.

Фатима Ғабитованың сол мұраны сақтаушы және жазушы ретіндегі қызметінен оның  Кеңес Одағы жайлы көзқарастарының екіжақты болғанын көреміз. Фатиманың образы 1920 жылдан бері Орталық Азиядағы большевик қыз-келіншектер армандаған “азат етілген” кеңестік әйелдің типтік бейнесін сомдауға келер еді. Америкалық ғалым Эдриенн Эдгар «Кеңес одағының Батыстағы отаршыл мемлекеттерден артықшылығы — ол мұсылман дінін ұстанатын Орталық Азияда мобилизация, білім беру және әйелдерді “азат ету” арқылы әлеуметтік өзгерістерге жетуді мақсат етті» деп атап өткен. Орталық Азиядағы сталиндік мемлекеттің басты мақсаты — білім беруді дамыту мен әлеуметтік теңдік орнату болды. Дуглас Нортроптың айтуынша, Кеңес одағы Орталық Азияны мәдени және саяси прогреске жетелеу үшін әйелдердің жеке өміріне көп араласқан. Осы ретте, Фатима Ғабитова кеңестік әйел жетістігінің жарқын мысалы болуы қажет еді. Ол діншіл емес, соңғы еуропалық үлгіде киінетін кербез әйел болды, жұбайымен ажырасу процесін бастаған да өзі еді. Бұған қоса ол білімді, кәсіби және әлеуметтік тұрғыда белсенді болатын. Соған қарамастан, Ф.Ғабитова Кеңес одағын өзін азат еткен, прогреске жетелеген және дамытқан мемлекет ретінде қарастырмады.

Кеңес одағы оның жан-жақты білім алып, дамуына көптеген мүмкіндік жасағаны сөзсіз. Фатима Ғабитова “халық жауының әйелі” атанғанның өзінде Кеңес одағы қалыптастырған әйел бейнесін сомдап жүре берді. Яғни, Кеңес одағы оның жұмыстағы жетістіктерін мойындады. Фатима Ғабитова қазақ тілін үйретудің әдіснамасын дамыту саласында біртайлай еңбек етті. Ол Кеңес одағының білім беру жүйесін жақсы бағалап, өз балаларының осы жүйе бойынша тәлім алып, жетістікке жеткенін мақтан етті. Балаларының барлығы Мәскеудегі элиталық жоғары оқу орындарында білім алды. Фатима Ғабитованың отбасында қазақ тілінде сөйлеуді азайтып, орысшаға ойысуы – оның Кеңес одағының жетістіктерін қабылдағанының бір дәлелі болса керек. Қазақ тілін білуі оның кәсіби тұрғыда өсуіне мүмкіндік берсе, орыс тілі  балаларының кәсіби және академиялық тұрғыдан дамуына жол ашты. Ұлты татар болғанына қарамастан, ол хаттары мен күнделіктерін және жарық көрген еңбектерінің барлығын қазақ тілінде жазып қалдырған. Алайда, балалары бір-бірімен орыс тілінде сөйлескен. Фатима Ғабитова сол тұста орыс тілін білудің өте маңызды екенін жақсы түсінген. Ғабитованың өмір жолына қарап, оның Кеңес үкіметі мен қоғамына қатысты екіжақты, прагматикалық көзқарас ұстанғанын аңғарамыз. Бір жағынан ол Кеңес одағының берген мүмкіндіктерін пайдаланды. Екінші жағынан ол «Алашорда» үкіметінің XX ғасырдың басындағы «Ресейдегі білім — әлеуметтік прогресс пен модернизацияға жол ашатын қақпа» деген пікірін де қолдаған. Алайда, жеке басы 1917 жылдан кейінгі Қазақстанда болған өзгерістердің көп игілігін көргенімен, ол «Кеңес одағы Орталық Азия әйеліне бостандық пен еркіндік әкелді, прогресске жетеледі» деген пікірмен келіспеген.

Фатима Ғабитованың жазбаларынан оның «кеңес азаматы» болғаннан гөрі ең алдымен ана және жар болғанын байқаймыз. Кеңес одағының жетістіктерімен салыстырып қарасақ, ол қазақ ұлтының дамуына бір кісідей үлес қосты. Сол кезеңде өмір сүрген басқа тұлғалардың өмірбаяндары сталиндік кезеңді сипаттап, жеке өміріндегі өзгерістерді тасада қалдырып жатса, Фатима Ғабитова бұл тұрғыда ерекшеленіп, оқшау тұр. Ғабитованың ашу-ызасы сталиндік жүйеге емес, жоғарыдан келген бұйрықтарды асыра орындап, жұбайларын айыптауға қатысқан жендеттерге қарсы бағытталған.

 

 

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments