Шетелдік ғалымдарды Қазақстандағы ұлттық бірегейлік пен авторитаризм көп қызықтырады

Қазақстан қоғамындағы өзіміз толық зерттей қоймаған кейбір мәселелер Батыс ғалымдарының жаңа еңбектеріне арқау болып жатыр. Батыс зерттеушілерінің ерекшелігі – олар жергілікті ғалымдар байқамаған құбылыстарды барынша объективті әрі сыни тұрғыда бағалайды. Осы шолуда 2016-17 жылдары шетелдерде шыққан Қазақстан жайлы еңбектердің бірсыпырасын таныстырып шығамыз.

«Кеңес азаматынан» «қазақ азаматын» жасаған – жазушылар 2017 жылдың басында Ұлыбританиядағы Кэмбридж университетінің зерттеушісі, философия докторы (PhD) Диана Құдайбергенованың «Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлтты қайта жазу: элита және нарративтер» (“Rewriting the nation in Modern Kazakh Literature: Elites and Narratives”) деген кітабы шықты. Әдетте қазақ әдебиетіндегі тарихи еңбектер өткен дәуір туралы баяндайтын  шығармалар жиынтығы ретінде сипатталады. Ал автор өз еңбегінде XX ғасырдың басынан тәуелсіздік кезіндегі Герольд Бельгердің шығармаларына дейінгі арлықтағы қазақ әдебиетінің қазақ ұлтын, оның бірегейлігі мен мәдениетін қандай траснформация мен өзгеріске ұшыратқанын зерттеген. Еңбектің негізгі идеясы – жергілікті жазушылар «кеңес азаматын» қалыптастыру мақсатындағы модернизацияны қазақ ұлтының бірегейлігін, мәдениетін жасап шығарушы құрал ретінде қабылдады. Д.Құдайбергенованың ойынша, қазақ жазушыларының көбі кеңестік модернизациялау науқанын жоғарыдан келген бұйрық деп қабылдамаған әрі оған өз еркімен қатысқан. Ал, кеңес үкіметінің басты мақсаты — жергілікті жазушылардың ұлттық түсініктегі еңбектері арқылы “кеңес азаматын” қалыптастыру болды.

Алаш көшбасшылары өздерінің шығармалары арқылы қазақ халқын дамыған, прогрессивті, модернизацияланған сипатта көрсетуге тырысты. Одан кейінгі кезеңдерде кеңес дәуіріне дейінгі және Алашорда тұсындағы шығармаларды санадан өшіру үшін өткен өмір мен көшпенді салт-дәстүр «артта қалғандық», «керітартпалық» деп сипатталып, «кеңестік модернизацияның басты мақсаты — әйел теңдігі мен бостандығы» деп көрсетілді. Сталиндік террор кезеңіндегі ұлтшылдыққа қарсы саясат шығармалардың социалистік реализм тұрғысында жазылуына түрткі болды. Жергілікті жазушыларды «көшпенді заманды артта қалған, теңсіздік басым болған кезең деп, ал Кеңес одағын осы қорлықтардан азат етуші күш» деп жазуға мәжбүрледі. Отаршылдар тықпалаған таптық қоғам пен артта қалған дәстүршілдік, көшпенділер иерархиясындағы авторитарлық пен ру-тайпалық байланыстар, әйел құқықтарының тапталуы сияқты мәселелер кеңес дәуірінің соңғы жылдарына дейінгі аралықта  қазақ жазушылары шығармаларының басты тақырыптарының бірі болды. Дегенмен, 1960-80 жылдары М.Әуезов, І.Есенберлин, М.Мағауин сынды жазушылар цензураға қарамастан, тарихи романдар мен басқа да шығармалар арқылы көшпенді қазақ өмірінің шынайы көріністерін боямасыз жеткізуге тырысты. Ал бұл қазақ ұлтшылдығының жандануына түрткі болды. Сөйтіп, кеңестік негіздегі қазақ ұлтын жасап шығару үшін пайдаланылған қазақ әдебиеті қазіргі ұлтшылдықтың қалыптасуына негіз болды.

Уәлиханов пен Алтынсарин патшаға «делдал» болды ма?

Корнелл университеті баспасынан шыққан «Білім және империяның шеті: қазақ делдалдар және Ресейдің иен даладағы билігі, 1731-1917» (“Knowledge and the Ends of Empire: Kazak Intermediaries and Russian Rule on the Steppe, 1731-1917) атты еңбегінде  Калифорния университетінің профессоры Ян Кэмпбелл Ш.Уәлиханов, М. Бабаджанов және Ы.Алтынсаринді қазақ жерін Ресей империясына таныстырған “делдалдар” деп атайды. Автордың айтуынша, бұл “делдалдар” қазақ халқының өмір салты мен ерекшеліктерін таныстыру арқылы Ресей империясына қазақ халқының даму жөнінен кенже қалған ұлт екенін көрсетеді. Керітартпа дәстүрлерден арылу  үшін Ресей империясы  “прогресс” және “даму” деген баламалар ұсынады. Алайда, империя ұсынған даму мен прогресс шынайы дамуға қарағанда жоспарлы отарлаудың басы болатын.

Зейнетақы қорларын қосу авторитарлық режимді сақтаудың әдісі ме?

Орталық Азияны зерттеуші белгілі ғалым Марлен Ларуэльдің редакциялауымен шыққан «Қазақстанды қалыптастыру: легитимділік, символдар және әлеуметтік өзгерістер» (“Kazakhstan in the Making: Legitimacy, Symbols, and Social Changes”) кітабында бір топ ғалым Қазақстандағы мемлекет, ұлт, және мәдениет тақырыптарына жазылған зерттеулерін ұсынады.

Осы кітаптың бір тарауында Гедиз Университетінің ассистент-профессоры Әсел Тутумлу Қазақстандағы авторитарлық режимнің дағдарыс кезінде өміршеңдігін  қалай қамтамасыз ететіндігіне  тоқталады. Сол мақсатта саяси режим шығыстардың кірістен аспауына ден қойып, биліктің тұрақтылығына нұқсан келтіре алатын екі топ –  өкіметке адал ірі индустрия өкілдері мен халықтың барынша разы болуына жағдай жасайды. Саяси билік қоғамдық мәні бар шешім шығарғанда  негізгі үш дилеммаға сүйенеді. Автордың зерттеуінде дилемма принциптері 2013 жылғы зейнетақы қорларын қосу реформасы негізінде көрсетілген.

  • Біріншіден, реформа зейнетақы қорындағы қаражатты үкімет бақылауына беру арқылы зейнетақы қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті, ал зейнетақы қорларын жауып, қаражатты үкімет бақылауына бергені үшін мемлекет ірі индустрия өкілдеріне өтемақы берді. Осы арқылы жеке меншік құқығы мен билікке сенімді ірі индустриялық топтардың арасындағы тепе-теңдік сақталды.
  • Екінші дилеммадан ірі қаржы топтары пайда тапты. Ресми билік «зейнетақы қорындағы қаражат жергілікті экономиканы дамытуға жұмсалады» деп жариялағандықтан, ақша жергілікті бизнесті қолдауға жіберілді. Жергілікті халық та бұл қаражаттың игілігін көруі тиіс болғандықтан, билік үкіметке инфрақұрылымдық жобалар мен кіші және орта бизнеске инвестиция салу туралы тапсырма берді. Нақтырақ айтқанда, жергілікті кәсіпкерлерге несие береміз деп уәде етілді. Ақшаны қауіпсіз әрі сенімді жерде сақтау үшін несие қаржысы ірі индустрия өкілдері иелік ететін ірі он банк арқылы таратылды.
  • Соңғы дилемма бойынша билік ақпарат тарату мен активтер бөлінісіне толық бақылау орнатуы тиіс еді. Ұлттық банк инвестициялайтын қаражатты Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қоғамдық кеңестің мақұлдауынан кейін ғана жұмсай алатын. Алайда, бұл кеңестің мүшелерін биліктің өзі тағайындайды.

Дағдарыс кезінде биліктің жағдайды басқару мүмкіндігі шектеліп, режимнің тұрақтылығына қатер төнетіні анықталды. Саяси режимнің ресурстарға қолы жетіп тұрғанда әрі оны еркін бөліп бере алатын мүмкіндігі болғанда ғана тұрақтылық сақталады. Егер ресурстар таусылса, “жыртқыштық” принциптеріне сүйенген ірі индустрия өкілдері мен бюрократтар тепе-теңдікті бұзып, халықтың наразылығын оятады.

«Билік экономикалық реформаның уақытын өткізіп алды»

Джордж Вашингтон университетінің профессоры Cебастьян Пейруздың айтуынша, Қазақстандағы саяси билік ұзақ жылдар бойы шикізатты сатудан түсетін табысқа сеніп келді. Соның кесірінен экономиканың бәсекеге қабілетті, жаңа технологияларға негізделген, инфрақұрылымдық инвестицияларды қажет ететін секторлары елеусіз қалды деп есептейді ғалым. Ақырында билік өкілдері экономикалық реформаларды жүзеге асыратын кезеңді өткізіп алды. Қазақстан басшылығы халықтың қолдауын оңай механиздер арқылы “сатып алды”. Ресурстар азайған жағдайда «халық саяси билікті қаншалықты дәрежеде қолдайды?» деген сұрақ өзекті мәселеге айналады дейді автор.

«Қазақ ұлтшылдығының идеологиясын жетілдіру қажет»

Джордж Вашингтон университеті Орталық Азия бағдарламасының директоры Марлен Ларуэль бүгінгі Қазақстандағы ұлттық-патриоттық күштердің басты мәселелері мен алда күтіп тұрған қиындықтарын қарастырады. Зерттеуші саяси билік ұлттық бірегейлік мәселесін шеше алғандықтан, ұлтшылдар өз аудиториясын кеңейте алмай, назардан тыс қалып отыр деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстандағы саяси биліктің ауысуы ұлтшылдардың өз жобаларын жүзеге асыруына жол ашады. Бірақ, жан-жақты қолдау табу үшін ұлтшылдар көптеген құрылымдық мәселерді шешуі керек. Мәселен, олар «Қазақстандағы басқа этнос өкілдерін бұл жобаға қалай қатыстырамыз?», «Ресеймен қарым-қатынасты бұзбай, бірегейлікті қалай қайта құруға болады?», «Қазақтардың орыстарға қарағанда өз ұлтының өкілдері – оралмандармен қарым-қатынасы жақсы емес, осы қиындықты қалай жеңеміз?» деген сұрақтарға жауап  табуы керек. Осының барлығы қазақ ұлтшылдығының  идеологиялық құрылымын жетілдіру қажеттігін дәлелдейді дейді автор.

«Хазірет сұлтан» мешіті «жақсы мұсылман» жасап жатыр»

Назарбаев университетінің ассистент-профессоры Алима Бисенова «Астанадағы Хазірет Сұлтан мешітінің Қазақстанның саяси өміріндегі маңызы оның физикалық көрінісінен де асып түседі» деп есептейді. Мемлекет ұйымдастыратын іс-шаралармен салыстырғанда Хазірет Сұлтан мешітіндегі уағыздарға адамдар өз еркімен жиналады. Мешітке намаз оқу, уағыз тыңдау және басқа да шараларға өз еркімен  тұрақты түрде жиналатын қауымға діни басшылық пен мемлекеттік аппарат әртүрлі құндылықтарды ұсынады. Діни басшылық пен мемлекеттік аппарат олардың өз жобаларына сай келетін дағдыны қалыптастыруына күш салады.   Діни басшылық Исламды тарату мақсатында мешітке келетін жамағаттың санын көбейтіп, олардан «жақсы мұсылман» жасағысы келсе, мемлекеттік аппарат  сол «жақсы мұсылмандардың»  «жақсы азаматтар» болғанын қалайды. Автор «мемлекет пен діннің мақсаттарын түйістіріп қана қоймай, оларды ары қарай қалай сәйкестендіруге болады?» деген сұраққа жауап беру құзыреті имамдардың қолында деген тұжырым жасайды. Зерттеушінің Хазірет Сұлтан мешітіндегі уағыздарға жасаған талдауынан жас имамдардың  «жақсы мұсылман» қалыптастыру мақсатында халықаралық деңгейде мойындалған Ислам ережелері мен ұлттық дәстүрлерді интеграциялауға барынша тырысып жатқанын байқаймыз.

Астананың сұлулығы қоғамдық пікірге әсер ете ме?

Поляк зерттеушісі Матеуш Лящковский «Болашақтың қаласы: модернизация және Астананың урбандалуы» (“City of the Future, Modernity and Urban Change in Astana”) атты кітабында  мемлекеттік биліктің Астана қаласының урбанистикалық стилі арқылы қоғамдық пікірді қалай өзгертіп жатқанын зерттеген. Автор Астананың эстетикалық келбеті мен материалдық және символикалық мәні қарапайым тұрғындар арасында “ғажайып”, “сұлулық”, ”қуаныш”  және  “махаббат” деген ассоциациялар тудырып, қаладағы ғимараттар арқылы саяси режимді қолдау мен мойындауға негіз болады деген қорытындыға келеді.

 

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments