Тарихшы Александр Моррисон: «Қазақ ұлтшылдығының негізі кеңес дәуірінде қаланған»

Назарларыңызға Назарбаев Университетінің профессоры, патша үкіметінің Орталық Азиядағы отаршылдығын зерттеп жүрген тарихшы Александр Моррисонмен болған сұхбатты ұсынамыз.

Жақында шыққан «Сталиннің алып қарындашы: Орталық Азиядағы шекаралар жайлы аңызды әшкерелеу» (“Giant pencil of Stalin Debunking a Myth About Central Asia’s Borders”) атты мақалаңызда Орталық Азия республикалары Сталиннің “бөліп ал да, билей бер” саясатының нәтиежесінде емес, жергілікті ағартушылар мен интеллигенцияның қызметі нәтижесінде құрылған деген қорытынды жасадыңыз.  Сонда, сіздің ойыңызша, аймақтағы қазіргі конфликтілер кеңес дәуіріне дейінгі кезеңдегі қарым-қатынастың салдары ма?

Орталық Азия этностық тұрғыдан ала-құла, ал мұндағы шекаралар этнос немесе бірегейлік негізінде сызылмаған. Бұл – әлемнің барлық мемлекеттеріне тән құбылыс. Кеңес одағы ыдыраған кезде Орталық Азия этносаралық конфликтіден көз ашпайтын аймақ болады деп болжанған. Бірақ жиырма бес жылда көп кикілжің болған жоқ. Осы мақаламда аймақтағы ұлтшылдық сырттан орнықтырылған жасанды идея емес, іштен өсіп-жетілген жергілікті “өнім” деген тұжырым жасадым. Бұл ретте мен ұлтшылдықты толықтай жағымды құбылыс ретінде сипаттап тұрғаным жоқ. Себебі кез келген мемлекетте ұлтшылдықтың салдары болуы мүмкін. Ұлыбритания мен АҚШ-тағы жақын күндері шектен шыққан ұлтшылдықты мысал ретінде алсақ болады. Ағартушылар мен интеллигенция жергілікті халықтың санасына сіңірген ұлтшылдық  ұлттық мемлекеттердің құрылуына негіз болды. Бұл ой «кеңестік идеология Орталық Азия мемлекеттерін жасанды құрылым ретінде жоқ жерден қалыптастырған» деген пікірді жоққа шығарады.

Осы ретте, ұлтшылдықтың дамуына үлес қосқан жергілікті ағартушылармен байланыс орнатқан большевиктердің орны қандай? Кеңес одағы сіз атаған жергілікті жерде өсіп-өнген ұлтшылдықты “кеңес азаматын” қалыптастыру мақсатында қалай өзгертті?

Кеңес одағына дейінгі ұлтшылдықты дамытқан алашордашылар, Түркістан мен Бұқарадағы жәдитшілер баспасөз өнімдерін шығаруға, патша үкіметінің қоныс аудару саясатына наразылық білдіруге, исламды реформалауға қабілетті болды. Алайда, олардың қолында саяси билік болмады. Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар ұлттық идеяны қалыптастырып, бекіте алды. Бірақ патша билігі орнағандықтан, олардың оны саяси түрде іске асыруға күші жетпеді. 1917 жылғы революция мен азамат соғысының тұсы — патша үкіметінің барлық аумағында (Украина, Татарстан, Башқұртстан, Орталық Азия) ұлтшылдық қозғаушы күшке айналған кезең.

Жаңадан билікке келген большевиктер орысы аз аймақтардағы ұлттық қозғалыстардың қажеттілігін қанағаттандырмаса, кеңес режимін орнықтыра алмайтынын сезді.

Бастапқы кезеңде Орталық Азияда Кеңес одағының билігі өте әлсіз болды. Оларға жергілікті жерде одақтастар қажет еді. Большевиктер жергілікті одақтастарды революцияға дейінгі Ресейде білім алған интеллигенцияның арасынан тапты. Алайда, интеллигенцияның идеологиясы большевиктердікіне ұқсамады. Мысалы, Әлихан Бөкейханұлы пен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алашордашылар тобы негізінен либералдар болса, жәдитшілер исламды реформалау идеясын қолдады. Десе де, Кеңес одағының бастапқы кезеңінде (1920-жылдары) екі жақ бір-бірінен қажеттісін ала алды. Интеллигенция саяси билікке араласып, өз идеяларын жүзеге асыра бастады. Кеңес режимі жергілікті жерлерде олармен одақтаса әрекет етті.

Коммунистік идеяны қолдағанына қарамастан, Ленин мен Сталин Орталық Азияда ұлттың маңызды құрал екенін түсінді және оны өз қажетіне жарата білді. Олар ұлттық мемлекетті тек коммунизмге жеткізетін бір кезең ретінде ғана қарастырды. Сталин ұлттар ісі жөніндегі комиссар қызметін атқарғандықтан, ұлттардың ары қарай күшейе түсетінін болжай білді. Соған байланысты 1920-жылдардың соңында коммунистер мен ағартушылар арасындағы одақ ыдырай бастады. Осы кезеңде кеңес билігі күшейе түсті. Кеңес режимі ағартушыларды бұрынғы идеялары үшін айыптап, оларға “буржуазияшыл-ұлтшыл” деп кінә тақты. Ал 1937-38 жылдарға қарай бұл үлкен ағымға айналып, КСРО-ның бастапқы кезіндегі Орталық Азия элиталары тып-типыл жойылды.

Патша үкіметінің Қазақстанда отаршыл саясат жүргізгеніне ғалымдар бір ауыздан келіседі. Ал Кеңес одағына қатысты пікір сан алуан. Кейбір мамандар оны қоғамды дамытуға үлес қосқан федералды мемлекеттер одағы деп санайды. Екіншілері болса, Кеңес одағы Орталық Азия мен Қазақстанда отарлаушы мемлекет болған деп есептейді. Осы ретте Кеңес одағы патша үкіметінің отарлау әдістерін қаншалықты дәрежеде пайдаланды деп ойлайсыз?

Кеңес одағының патша үкіметінен айырмашылығы көп болды деген пікірді қолдаймын. Ең басты айырмашылық — Кеңес одағында ортақ азаматтық болды, ал патша үкіметі дәуірінде халықтарды алалап, олардың құқықтарын иерархиялық тұрғыда жіктеді. Яғни, қазақтарға «Ресей патшалығының азаматы» деген мәртебе берілмеді, олар “инородцы” деген жеке заңдық категорияға  бөлінді. Метрополия мен отарланған мемлекет арасында тең құқықтың болмауы отаршылдықтың негізгі белгісі.

Одан бөлек, қоныс аудару саясаты қазақтардың құқықтары орыстардікіне қарағанда төмен дегенді аңғартты, себебі Ресейдің еуропалық бөлігінен көшіп келгендер жергілікті қазақтарға қарағанда сан алуан құқықтарға ие болды. Кеңес дәуірі кезінде бұл мәселе белгілі дәрежеде өзгерді. Кеңес одағының әрбір азаматы бірдей құқыққа ие болды. Алайда, оның ешқандай мәні болмады, себебі ол құқықтар іс жүзінде орындалмады. Яғни, тең азаматтық барлығына бірдей қажетсіз категория болды. Алайда, заңдық тұрғыда орыстар мен басқа ұлттарға тең құқықтар берілді.

Бұған қоса, Кеңес одағы отаршыл мемлекеттерге тән емес радикалды модернизация саясатын жүзеге асырды. Отаршыл мемлекеттер әдетте консервативті болып келеді, сондықтан мұндай өзгерістерге бара бермейді, олар мүмкіндігінше тыныштық орнатып, үкіметті сақтауға, аз күш жұмсап көп пайда табуға ұмтылады. Ал Кеңес одағы жүзеге асырған радикалды модернизация нәтижесіндегі бір адаманан мүлдем басқа адам “жасап шығару” XX ғасырдағы ұлтшыл мемлекеттердің саясатына ұқсайды.

Бірақ, Кеңес одағында мәдени империализм жобасы жүзеге асты. Кей кездері кеңес азаматын “жасап шығару” орыс азаматын қалыптастыруға қатты ұқсап кететін. Мысалы, кеңес адамы болу үшін орыс тілі мен орыс мәдени нормаларын үйрену қажет еді. Орыс тілі мен мәдени нормаларын білу прогрессивті және модернизмді білдіретін ұғым ретінде қолданылды. Алайда, бұлар — мәдени тұрғыда бейтарап түсініктер емес. Кеңес одағы анықтаған прогрессивтік пен модернистік түсініктері орыс мәдени нормалары арқылы орындалды. Дегенмен де, бұл мәселенің әр салада өзіндік ерекшеліктері болды. Мәселен, мәдениет пен экономикада кеңестік республикалардың белгілі дәрежедегі автономдығы сақталды.

Кеңес одағының классикалық отаршылдықтан басты айырмашылығы — орталық үкімет аймақтағы республикаларды қанаудың орнына оларды қаржыландырды. Ал отарлаушы мемлекеттерде бұл процесс керісінше жүзеге асады. Соның нәтижесінде, Қонаев пен Рашидов секілді басшылар орталықтан қомақты инвестиция алып, оны өз мемлекеттерін дамытуға жұмсай алды.

Империялардың барлығы отарлаушылдықтың бірдей техникаларын қолданған ба? Патшалық Ресей үкіметі мен Еуропа (Франция, Англия) мемлекеттерінің отаршылдығы арасындағы ұқсастық қандай? Себебі, Ресей тарихшылары патша үкіметінің Орталық Азияны отарлағанын мойындамайды, олар бұл терминнің орнына “присоединение” деген ұғымды қолданады.

Әрине, ұқастықтар өте көп. Францияның Алжирді, Англияның Үндістанды отарлауы мен XIX ғасырдағы патша үкіметінің Түркістанды отарлауы бірдей. Себебі мемлекеттердің барлығы отаршылдық кезеңінде өмір сүрді. Отарлау және отаршылдық деген ұғымдар бейтарап мағынада қолданыла алмайды. Соған байланысты Ресей үшін аталған түсініктерді қабылдау және мойындау аса күрделі.

«Отаршылдықтың» түсінігі әрдайым бүгінгідей болған жоқ. XIX ғасырда отаршылдық мемлекеттің даму деңгейі мен күштілігін көрсететін құбылыс ретінде көрсетілді. Отарлаушы мемлекет екендігін мойындау арқылы Ресей өзін күшті елдер қатарында көрсеткісі келді. Кеңес одағы кезінде отаршылдықты айыптай бастады. Соған байланысты қазіргі Ресейде оны жағымсыз мағынада қабылдайды. Ресейдің отарлық мемлекет болғанын еске салғандар оған қарсы шығып тұрғандай әсер қалдырады.

Бүгінде Ресей тарихшылары “присоединение” ұғымын пайдаланбайды. Оның орнына «завоевание» деген сөз қолданылады, мәселен, лейтенант Михаил Терентьевтің (1837-1909 жж.) еңбегі “История завоевания Средней Азии” деп аталады. Олардың пікірінше, бұл — әскери жаулап алу процесінің нәтижесі. Әрине, патша үкіметі зорлық-зомбылық әдістерін қолданды және жергілікті элитамен одақтасып, оларды өз мақсатында пайдаланды. Көптеген қазақтар Ресей империясына қызмет етті. Бірақ бұл — бүкіл Еуропада болған құбылыс.

Ресей империясы отаршылдық саясатының өзіне ғана тән ерекшеліктері бар ма?

Меніңше, Британия империясымен салыстырғанда, экономикалық қанау төменірек болған. Британдықтар болса өз отарларынан әрдайым көбірек пайда көруге тырысатын. Британия Үндістаннан жинаған барлық салықтарды сол елдегі әскерді қаржыландыруға, одан кейін империядағы барлық қажеттіліктеріне жұмсайтын. Ағылшын империясы патша үкіметі секілді аймақтарды ешқашан орталықтан қаржыландырмаған. Ал екі арадағы экономикалық қарым-қатынас пен сауда мәселелері әлі толық зерттелмеген.

Келесі маңызды ерекшелік — патша үкіметі Франция немесе Англия секілді нәсілге назар аудармаған. Патша үкіметі теңсіздік иерархиясын қалыптастыру үшін дінді, яғни христиандық мен Ислам арасындағы айырмашылықты пайдаланды. Одан кейін мәдени өркениет деңгейіндегі айырмашылықты белгілі бір дәрежеде қолданды. Яғни, Орталық Азия ресейлік билік жүйесінен шеттетіліп, дамымаған және артта қалған деп кемсітілді.

Бүгінгі постколониалдық Қазақстан кезеңінде мемлекеттік ұстаным мен қоғамдық пікір өткендегі жағымсыз жайттар жайлы сөз қозғағанда көбіне Кеңес одағына сілтейді.  Отаршылдықтың негізгі патшалық Ресейден басталғанына қарамастан, ол кезең назардан тыс, оқшау қалып қояды. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

Бұл пікірімен ішінара келісуге болады. Қазіргі Қазақстан мемлекеті — белгілі бір дәрежеде Кеңес одағының өнімі. Жұрттың ұлт жайлы пікірі, қазақ ұлттық бірегейлігінің пайда болуы туралы түсінігі Кеңес одағы кезіндегі түсінікке ұқсас. Кеңес одағы бұқара халықтың жадында әлі сақталып тұрғандықтан, бұл кезеңге көп назар аударылады.

Қазақстанның постколониалды мемлекетке қашан айналғандығы туралы ортақ келісім жоқ. Кейбірі 1991 жылғы тәуелсіздікті есептесе, енді бірі радикалды деколонизация 1920-жылдары басталды деп есептейді. Дегенмен де қазіргі қазақ ұлтшылдығының иконографиясын Кеңес одағы дәуірінсіз елестету қиын. Себебі, қазақ ұлтшылдығының негізі кеңес дәуірінде қалыптасқан. Мысалы, кеңес авторы болса да, еңбектері Кеңес одағының шеңберінде жазылса да, Ілияс Есенберлин қазақ ұлтшылдығының бір бөлігі ретінде қабылданады. Кеңес одағы кезінде антиколониализмнің негізі қаланған және қазіргі кезеңдегі ұлтшылдық соның жалғасы болып табылады.

Постколониалдық теориялардың негізі отарланған Үндістан, Алжир секілді мемлекеттерде дамыған. Қазіргі  Қазақстандағы жергілікті тарихшылар бұл теориянының түсініктері мен негіздерін қолдана ма?

Бұл теоретикалық мектеп қазақ тарихын зерттеуде сирек қолданылады. Аймақтағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан плюралистік ел болғандықтан, сан алуан пікірлер бар. Бірінші топтағы тарихшылар — ұлтшылдық сарынында жазатындар, олар көбіне қазақ халқын кеңес үкіметінен жапа шеккен, құрбан болған халық ретінде көрсетеді. Екінші топтағылар — әлі де кеңестік ұғымдармен және түсініктермен ойлайтын және сол тұрғыда зерттейтін ғалымдар. Одан бөлек кеңес дәуіріне дейін қалыптасқан және дамыған шығыстану мектебі бар. Содан кейін енді қалыптасып келе жатқан, шетелдік тәжірбиесі бар, салыстырмалы тұрғыда зерттейтін ғалымдардың шағын тобы бар.

Өткен жылы Қырғызстан 1916 жылғы көтерілістің жүз жылдығын атап өтті. Ресей бұл көтерілісті “ортақ трагедия” деп атап, бұл көтерілістен орыс халқы да жапа шеккендігін атап көрсетті. Ресми позиция бойынша, Ресей өзін патша үкіметінің және Кеңес одағының мұрагері ретінде мойындап, тарихты бұрмалауға қарсы шығады. Осындай тарихи мәселелерде не себепті ортақ позиция жоқ? Неге олар әрдайым бір-біріне қарама-қайшы келе береді?

Ресей тарихы әр түрлі тарихи нарративтерді қолданады, көп жағдайда бұлар бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады. Ресей патша үкіметін ұлықтайды, Сталиннің Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі маңызды рөлін айтады. Негізінде, бұл — кеңестік идеологияның жалғасы. Қазіргі Ресейдің КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстағы немесе Ұлы Отан соғысындағы жеңісін кең насихаттауы Кеңес одағының соғыстан кейінгі кезеңін жақсы жағынан көрсетуге бағытталған. Сталинизм кезіндегі репрессия Кеңес одағы жайлы жағымсыз пікір қалыптастырады. Сондықтан бұл жағдайды қалпына келтіру үшін соғыстағы жеңіс нарративін қолданады. Бұл құралдың қаншалықты тиімді болғанын Қазақстандағы халықтың Сталинді екі миллионға жуық адамның қазасы үшін жазғырудың орнына соғыста елді жеңіске жетелеген тұлға ретінде қабылдағанынан байқауға болады.

1916 жылғы көтерліске келер болсақ, Орталық Азияда көтерілгендерді басып-жаншудан ең көп жапа шеккен — қырғыздар болды. Сондықтан, Орталық Азияда бұл оқиға жайында ең көп еске алып, оған назар аударатын да — солар. Көбі оны қырғыз халқына қарсы жасалған геноцид ретінде қарастырады. Меніңше, Украинадағы аштықты ұлтшылдық мақсатында қолданғаны секілді, Қырғызстанда да оны белгілі бір мақсатқа қолдану жоспарланған. Ресей болса, бұл оқиғаны патша үкіметінің біліксіздігінен болған, екі жақ та жапа шеккен оқиға ретінде сипаттайды және ол үшін ешкімді кінәламайды.

Ал шын мәнінде, бұл — отаршылдықтың көрінісі. Себебі, оқиға жер мәселесіне қатысты басталды. Ресей қоныс аударушыларының Прежевальск және Пішпек аудандарында қоныстануы жерге деген бәсекені арттырды. Бұған қоса, жапа шеккендер мен қаза тапқандар саны арасында үлкен айырмашылық бар. Ресей қоныс аударушылары тарапынан 37 мың адам қаза тапты, әрине біз оны ұмытпауымыз керек. Ал, патша үкіметінің әскери экспедициялары кесірінен жергілікті халықтан қаза тапқандар саны бұдан кемінде 10 есе көп болды, оның үстіне 100 мыңнан астам қырғыз бен қазақ Қытайға кетуге мәжбүр болды. Осы айырмашылық — отаршылдықтың негізгі белгісі саналады. Ал көтерілістің соңындағы патша үкіметінің іс-әрекетін апартеидке жатқызуға болады. Яғни, жақсы жерлер ресейлік қоныс аударушыларға өтсе, қалғаны жергілікті халыққа қалдырылды. Әрине, бұл Бірінші дүниежүзілік соғыстың ауыр салдары ретінде қарастырылуы да мүмкін. Бірақ та, мұны тарихи деректерден бөлектемеу қажет.

Ресей болса, бұл оқиғаны «этносаралық жанжал туғызу мақсатында, Еуразия одағын ыдырату үшін шетелдіктер әдейі еске салып отыр» деп есептейді. Әрине, Қазақстан мен Қырғызстанда жергілікті халықтан басқа этнос өкілдері тұратынын да ескеру қажет. Бірақ, бұл – өткен күннің оқиғасы, оған бүгінгі ұрпақ жауапты емес. Бұл оқиғалар жайында ашық пікір таластырған дұрыс. Себебі, мәселені толық айтпау, жасырып-жабу керісінше түрлі пікірлер мен конспирологиялық долбарлар туғызады.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments