«Ақтабан шұбырынды» қасіреті: кеңес тарихшылары оны қалай түсіндірді? (2-бөлім)

1960-70-жылдардағы зерттеу

“Ақтабан шұбырынды” оқиғасы Ресейдің отарлауына қарағанда әлдеқайда жеңіл тақырып болғандықтан, 1960-70 жылдары ол туралы көптеген жаңа туындылар жазылды. Мәселен, осы кезеңде І.Есенберлиннің танымал тарихи шығармалары жарық көреді.  Златкинның “История Джунгарского ханства” монографиясында “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын 1957 жылғы “Тарих” кітабына сүйене отырып сипаттауы қарама-қайшылықтарға негіз болды. Өйткені Златкинның монографиясындағы дереккөздер Жетісу өлкесі 1723 жылғы “Ақтабан Шұбырынды” оқиғасына дейін жоңғарлардың бақылауында болған деген ойды қостайтын. Сондай-ақ, Златкин “Ақтабан шұбырынды” қасіреті Цинь императорының өлімінен кейін жоңғарлардың саяси көрегендігінің арқасында болды деп жазады. 1970-жылдары осындай жаңа зерттеу еңбектері жарық көрген сайын тарихи шығармаларда сәйкессіздіктер көбейе түсті.

1979 жылғы «Тарих» еңбегі “Ұлы қасірет жылдары” қазақтардың Ресейге қосылуына тікелей түрткі болған тарихи оқиға ретінде суреттеледі. Мұндай тұжырымның қалыптасуына Левшиннің, Бартольдтің жазбалары, Наливкиннің туындысы және Унковский еңбегінің бұрмаланған бөлімі негіз болған. Сондай-ақ, 1979 жылғы «Тарих» еңбегінде «жоңғарлар тек әскер саны қазақтардан көп болғандықтан, қақпан, зеңбірек винтовка қолданғандықтан ғана жеңіске жетті» деген қорытынды жасалған. Бұл қазақтардың еңсесін көтеру үшін жазылған тәрізді.

Бұл туынды 1943 және 1957 жылдары шыққан “Тарих” еңбектерінде сілтемесіз көрсетілген әрі бұрмаланған географиялық ақпаратты қамтиды. Жоңғарлардың шабуылынан кейін Ұлы жүз бен Орта жүздің жарты бөлігі Шыршық өзенінің Сырдарияға құятын тұсындағы өткелден өтіп, Ходжентке қоныс аударуға мәжбүр болады. Орта жүздің қалған жартысы Самарқанға қоныс аударса, Кіші жүз Сауран арқылы Хиуа мен Бұқараға көшеді. Бір қызығы, бұл мәлімет Тынышпаевтың еңбегінен алынғанымен, оған сілтеме жасалмайды. Сонымен қатар, 1979 жылғы «Тарих» еңбегінде Унковскийге сілтеме жасай отырып, оның Ташкент, Түркістан мен Сайрамның 1723 жылы жоңғарлардың қол астына өткені туралы бұрмаланған мәліметі тағы да қайталанады.

XVIII ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеушілердің еңбектерімен танысқан басқа  кеңес ғалымдары “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын өзгеше көзқарас тұрғысынан интерпретациялауға жол ашты. Мәселен, Ресейдің қол астындағы қалмақ және бурят секілді моңғолтектес халықтардың тарихын зерттеуші  Чимитдоржиев 1957 жылғы «Тарих» еңбегіндегі “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының желісін өз зерттеуінде қолданады. Чимитдоржиев Аполлованың ізімен Ә.Диваевты дереккөз ретінде көрсете отырып, «Жомарттың әңгімесін» өз жұмысына қосады әрі “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының жаңаша интерпретациясын ұсынады. Сол кезеңде қазақ тарихын зерттеген ғалымдардың көбі “Ақтабан шұбырынды” қасіреті жоңғарлар мен қалмақтардың тізе қоса отырып, қазақтарға екі тараптан шабуылдауының кесірінен болды деп топшылап келген. Олардың бұл тұжырымы көшпелі тайпалар арасындағы этностық және діни қайшылықтарға негізделген болатын. Алайда Чимитдоржиев Орталық мемлекеттік архивтің Ескі келісім-шарттар бөліміндегі қалмақ коллекциясын зерттей келе, қазақ тарихын зерттеуші ғалымдар арасында қалыптасқан тұжырымды жоққа шығарады. Тарихи деректерге сүйенген Чимитдоржиев екеуара тығыз қарым-қатынастың болғанына қарамастан, қалмақтар мен жоңғарлар арасында әскери-стратегиялық жоспар болмаған деген қорытындыға келеді. Екі туыс халықтың арасындағы экономикалық және отбасылық байланыстар бір-біріне деген сенімсіздік пен үрейдің тууына тосқауыл бола алмады. Дегенмен, жоңғарлар мен қалмақтар арасында қазақтарға қарсы бірлесе әскери шабуыл жасау туралы келісім болмағанымен, сол кезеңдегі жоңғарлардың басқыншылық шабуылдарының зардабы қазақтар үшін орасан болды.

“Ақтабан шұбырынды” оқиғасының жай-жапсары Қазақ КСР-і мен өзге де кеңестік республикалардың тарихшыларын қатты қызықтырғанымен, қайғылы оқиғаның негізгі интерпретациясы өзгеріссіз қалып отырды. Ресей империясы орыстан басқа халықтарды Польша, Британия және Цинь империяларының озбырлығынан сақтаған қорған ретінде дәріптелді. 1960-жылдардан бастап 1970-жылдарға дейінгі аралықта осы тренд басым болды. Алайда бұл тренд КСРО-дағы «ұлтаралық және этносаралық конфликтілер дәуірінде» сол басымдығын сақтай алды ма?

1980-жылдар мен қазіргі кезеңдегі зерттеу

Кеңес одағының құлауына кеңестік республикалардағы национализм біршама ықпал етті. Одақтағы басқа республикалармен салыстырғанда Қазақстан ең көп кеңестенген және интернационалданған мемлекет болды. Мәселен, Қазақстан өкіметі Әзірбайжан мен Эстониядағыдай ұлтшылдарға ресми қолдау жасамады. Кеңестік академия қабырғасында қазақ национализмінің қарсыласушы күшінен бұрын мәймөңкелік сипаты басым болды. Т.Шойынбаевтың қазақтар мен орыстардың “достығын” дәріптейтін 1982 жылғы “Добровольное вхождение казахских земель в состав России” еңбегі осыған дәлел. Бұл еңбегінде Шойынбаев 1973 жылы жазылған  “Прогрессивное значение присоединения Казахстана к России” монографиясындағы «қазақтардың Ресейге қосылуының себебі — жүздер арасында бірліктің болмауында» деген тезисті дәлелдеуге ұмтылады. Ауызбіршіліктен айырылып, жоңғарлардан әбден зәбір көрген қазақтарды солтүстіктегі күшті көршілерінен басқа қорғайтын ешкім болмады деп жазады автор. Шойынбаев Ш.Уәлиханов пен Левшинге ғана сілтеме жасайды. Сондай-ақ, ол ешқандай сілтеме келтірместен, қазақ жүздері мен сұлтандарының арасындағы араздықтарды сипаттайды. Осылайша Шойынбаев «Ақтабан шұбырынды» қасіреті болғаннан соң бір ғасыр өткенде жазылған Левшиннің еңбегіндегі бірнеше сөйлемге сүйеніп, асығыс қорытынды жасайды.

Р. Сүлейменов пен В. Моисеев өз монографияларында Шойынбаевқа қарағанда көбірек деректерге жүгінеді. Монографияда Абылайханның XVIII ғасырдағы тарихи рөліне ерекше назар аударылады. Еңбекте Абылайхан “көрегендігінің арқасында өз халқының тағдыры Ресеймен тікелей байланысты екенін алғашқылардың бірі болып сезген” орысшыл билеуші ретінде суреттеледі. Ал авторлардың Тынышпаевқа сілтеме жасауы — өте таңғаларлық дүние. Дегенмен, олар қасіретті оқиға туралы тереңірек білгісі келген оқырмандарға 1927 жылы Бартольдтің құрметіне арналып жазылған “Ақтабан шұбырынды” мақаласын оқуды ұсынады. Алайда, авторлар сілтемеде бұл мақаланың авторы Тынышпаев екендігін көрсетпейді.

Моисеевтің соңғы монографиясы кеңестік және посткеңестік зерттеулердің тоғысы деуге болады. Алайда бұл еңбектің де ресейшіл көзқараста жазылғанын атап өту маңызды. Осы еңбегінде де Моисеев Тынышпаевқа сілтеме жасамайды. “Ақтабан шұбырынды” туралы түсінігі Тынышпаевтың еңбегінен бастау алатынына қарамастан, Левшин мен Унковскийге сілтеме жасаған ол Тынышпаевтың өзіне сілтеме жасауды жөн деп таппайды. Осылайша ол 1723 жылды көпшілік мойындаған дата ретінде көрсетуге тырысады.

Кеңес одағы құлағаннан кейін “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының маңызы қандай болды? Жаңадан тәуелсіздігін алған Қазақстан алғашқы он жылдықта экономикалық депрессияны бастан кешті. Билік болса мұнай мен уранға салынған шетелдік инвестиция есебінен ақырындап еңсесін тіктей бастады. Одан кейінгі онжылдықта Қазақстан Орта Азиядағы ең бақуатты мемлекетке айналды. Осы кезде жаңа қазақ бірегейлігін қалыптастырудың қажеттігі туып, үкімет тарихи зерттеулерді қаржыландыруды қолға ала бастады. “Ақтабан шұбырынды” орыстар мен қазақтардың тағдырларын тоғыстырған оқиғадан бір қолға шоғырланған, орталықтанған биліктің қажеттігін дәлелдейтін тарихи маңызды оқиғаға айналды. Жас мемлекеттің мектеп оқулықтары мен фильмдерінде “Ақтабан шұбырынды” маңызды оқиға ретінде атала бастады. Сол жылдары жоғары оқу орнына түсем деуші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) міндетті әрі стандартты тест ретінде енгізілді. Ал “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” туралы сұрақтар міндетті тарих пәнінің тест сұрақтары қатарына кіргізілді. Тәуелсіз Қазақстандағы ҰБТ-ның маңызын төмендетуге болмас, себебі бүгінде мемлекет мұқият таңдап алған “Ақтабан шұбырынды” туралы деректерді жаттау арқылы білім алған ұрпақ өсіп келеді.

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments
«Ақтабан шұбырынды» қасіреті: кеңес тарихшылары оны қалай түсіндірді? (1-бөлім) - Central Asia Analytical Network Central Asia Analytical Network
2017-04-03 21:01:34
[…] Жалғасы 2-бөлімде. […]