Чарльз Уеллер (Charles Weller) – Вашингтон мемлекеттік университетінің (АҚШ) Әлем тарихы мен Азияны зерттеу бағдарламасында оқытушы қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Философия докторы (PhD) дәрежесін алған. 20 жылдан бері Орталық Азияның Ресей, Таяу Шығыс, Ислам әлемі және Батыспен қарым-қатынасын зерттеп келеді. Соның ішінде сегіз жыл Орталық Азия елдерінде тұрып, зерттеумен, білім берумен және аудармамен айналысқан. Чарльз Уеллердің Кеңес одағы кезіндегі Қазақстандағы Ислам және қазақ ағартушылары туралы ғылыми еңбектері ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген.
Чарльз Уеллердің 2015 жылы Джордж Вашингтон университетінде өткен Орталық Еуразияны зерттеу қоғамының (СESS) жыл сайынғы конференциясында ұсынған “Посткеңестік кезеңдегі Абай және оның жәдитшіл мұрасын қайта интерпретациялау”(“Re-interpreting Abai and his Jadid Heritage in the Post-Soviet World”) атты зерттеуіне шолуды ұсынамыз. Бұл – әлі толық жазылып бітпеген еңбек, қазіргі уақытта автор жұмысты толықтырып жатыр.
Түйін
Автордың ойынша, Абайды дәріптеу мен түсіндіруде кеңестік ұстаным әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, оның қазақтың ұлттық бірегейлігін, тәуелсіз мемлекетшілдігін насихаттаушы және исламдық сенімді таратушы тұлға ретіндегі интерпертациясы қалыптасып келеді. Қазақстандағы ұлтшылдықтың дамуы Абай шығармаларын түпнұсқадан, яғни кеңестікінен бөлек тұрғыда интерпретациялауға мүмкіндік берді. Еңбекте Абайдың болмысы 1905-1933 жылдар аралығында жарыққа шыққан шығармаларының редакцияланған нұсқалары мен түрлі жинақтарға енген шығармалары арқылы, яғни Кеңес одағының үгіт-насихат құралының көмегімен “сомдалған”деген тезис жоққа шығарылады. Абайдың ұлттық тұлға болып қалыптасуы кеңестік кезеңге дейін және КСРО-ның алғашқы жылдарында үгіт-насихатсыз-ақ жүзеге асқан. Соған орай, Кеңес одағы сталиндік ұлы террорға дейін және одан кейін Абайдың бұрыннан қалыптасқан беделі мен ықпалын жеке өз мақсаттарына, алдымен ұлтшылдықты қолдауға, сосын керісінше оны даттауға бейімдеп, жаңа интерпертацияда қолданды деп есептейді.
Абай өмір сүрген дәуір
Абай дүниеге келген мерзім – І Николай патшаның (1822-55) биліктегі соңғы жылдары болатын. Бұл кезең жаңадан бас көтеріп келе жатқан Ресей интеллигенциясының либералдық және консервативтік бағыттары арасындағы шиеленістің өршуімен ерекшеленеді. Бұл шиеленіс “батысшыл” модернист І Петр мен І Екатеринаның ізін жалғастырушылардың және І Николайдың “православие, самодержавие, (орыс) ұлтшылдығы” мемлекеттік саясатын қолдаушы дәстүршіл әрі ұлтшыл “cлавянофилдер” арасында айқын көрінді.
Алайда, Қырым соғысында (1853-56) ойсырай жеңілген Ресей халықаралық сахнадағы мәртебесінен айырылды. Бұл оқиға консервативті-либералдық тенденциялардың мүлдем басқа бағытта дамуына әкеліп соқты. Абайдың жастық шағы ІІ Александрдың (1855-81) Ресейдің әлемдегі мәртебесін қалпына келтіруге бағытталған “Ұлы реформалар” кезеңіне сәйкес келді. Ресей әлемдегі беделін көтеру үшін ұлы державалар мен Азияға қарсы күресін бастады.
Индустрияға негізделген модернизацияғы және Батыстың саяси рөлінің өсуіне басқа мемлекеттер әртүрлі жауап қайтарды. Соның ішінде, Маркс пен Энгельстің капитализмді сынаушы социалистік идеялары Ресейде І Александрдың либералдық саясатына қарсы оппозиция ретінде қолданылды. Бұл III Александр (1881-1894) және ІІ Николай (1894-1917) кезеңдерінде, Абай өмір сүрген дәуірдегі “православие, самодержавие, ұлтшылдық” идеяларының жандануына алып келді. Ал бұған жауап ретінде отарланған аймақтарда, соның ішінде Қазақстан ағартушылары арасында өзіндік ұлтшылдық қалыптаса бастады.
Батыстық, ұлтшылдық, социализм, либерализм идеяларынан басқа, Азия мемлекеттерінде реформашыл-ұлтшыл қозғалыстар жандана бастады. Олардың қатарына 1) Осман империясындағы Танзимат реформалары (кейіннен Жас османдықтар және Жас түріктер қозғалысына айналды); 2) Араб ұлтшылдығы негізінде дамыған панарабтық, панисламдық қозғалыстар; 3) Үндістандағы ұлтшылдық қозғалыс; 4) Қытайдағы ұлтшылдық қозғалыс; 5) Кореядағы ұлтшылдық қозғалыс; 6) Жапониядағы Мейдзи реформалары; 7) Орталық Азиядағы пантүріктік, панисламдық қозғалыстардың барлығы дерлік Азиядағы батыстық империализмнің өсуіне жауап ретінде дамыды. Бұл қозғалыстардың көбі бір-біріне ықпал етіп қана қоймай, өзара байланыс орнатты. Осы ретте, түрік ұлтшылдық идеясы мен Мэйдзи ұлтшылдық қозғалысы арасында 1870 жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін байланыс орнады. Дәлел ретінде Волга татарлары арасындағы жәдит реформашыл Абдуресейд Ибраһимнің 1905 жылғы Жапонияға сапарын, одан кейінгі Кеңес одағының қанауынан қашып, жапондықтармен одақтасып, паниязылық көзқарас үшін күрескенін атауға болады.
Абай “кеңестік этно-инженерия” өнімі ме?
Қазақ халқына, Орталық Азияға, кеңес және әлем жұртшылығына мәшһүр Абай расында кім болған? Ол “қазақтардың қазағы” атағын не үшін иеленген? Абай жай ғана “кеңестік этно-инженерия” өнімі ме? Әлде, кеңестік ғылым сендіргендей, патша дәуірі кезеңіндегі белді “демократияшыл революционер” ме? Мүмкін, қазақтан көңілі қалған, батысшыл бағытта дамуды қолдайтын патша үкіметіне сенімді тұлға болған шығар? Ол кеңестік идеологияның құралы ретінде қолданылды ма? Жоқ, әлде Абай түрікшіл мұсылман “жәдит” немесе “алашшыл реформатор” ма? Бәлкім, осылардың әрқайсысының аз-аздан алынған қосындысы болар? Мүмкін ешқайсысы емес шығар? Әлде Абай жемқорлық пен әлеуметтік-саяси құлдыраудан, өмірінің соңында жеке басындағы ауыртпалықтардан шаршаған жай ғана қарапайым адам ма?
Бұл сұрақтарға жауап табу үшін біз алдымен Абайдың жеке өзі жазған еңбектеріне назар саламыз. Алайда, мұнда да ескеруге тиіс факторлар өте көп. Абайдың мұрағаттағы түпнұсқа еңбектерін оқимыз ба, әлде редакцияланған шығармаларын қарастырамыз ба? Абайдың әрбір шыққан жинағы, олардың түсіндірмелері, ол туралы кез келген еңбек әртүрлі тарихи контекстте жазылған. Бұған қоса, патшалық Ресей мен қазақтар, кеңестік Ресей мен қазақтар арасындағы күрделі қарым-қатынасты және қазіргі кезеңдегі ерекшеліктерді ескеріңіз. Сонымен қатар, Абайдың өз поэмалары мен қара сөздері, Батыс Еуропа, Шығыс және Ислам әдебиеттерінен аудармалары жайлы қолжетімді мәліметтер аз. Соған байланысты Абайды интерпретациялаудағы дәстүрлі Ислам мен модернистік жәдитшілдік, панисламдық, пантүріктік, “алаштық” және “түркістандық” реформашыл бағыттар арасында қарама-қайшылық арта түседі.
Абай өз жазбаларында өмірі мен шығармаларының жарық көрген уақыты туралы өте аз мәлімет қалдырған. Тек 1889-1907 жылдар аралығында шыққан бес мақала ғана бұл жайында мағлұмат береді. Сонымен бірге, Абай жайлы мәліметтерді ақынның қайтыс болғанына он жыл толу құрметіне (1913-14) қазақтың ұлттық реформаторлары – Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлихан Бөкейханұлы қалдырған арнайы жазбалардан табуға болады. Абайдың таңдаулы поэмалары мен өлеңдері Омбыда шығатын «Дала уәлаяты» газетіне 1888-1902 жылдар аралығында басылып тұрды. Осы газет арқылы Абайдың шығармашылығымен танысқан Әлихан Бөкейханұлы 1899 жылы Абайдың өзімен кездеседі. Ә.Бөкейханұлы 1903 жылы шыққан “Ресей: біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы” атты көптомдық энциклопедиясының “Қырғыз аймағы” бөлімінде Абайды және оның шығармашылығын Ресей империясы мен барша қазақ халқына танытады. 1904 жылы Абай дүниеден өткеннен кейін оның еңбектері патша үкіметінің жергілікті мерзімді басылымдарында жарыққа шыға бастайды. Ал 1914 жылы бір топ ғалымның бастауымен Семей қаласында “Абай” атты журнал шығару туралы ұсыныс жасалады. Алайда І Дүниежүзілік соғыс және одан кейінгі Қазан (Большевик) революциясы кесірінен журналды шығару 1918 жылға дейін ысырылады. Сол жылы Абай шығармашылығын өмірінің соңына дейін дәріптеген Мұхтар Әуезов “Абайдың өнері һәм қызметі” атты мақаласын жариялайды.
Абайды “кеңестендірген” қазақ ғалымдары
Абайдың ең танымал еңбектерінің бірі – “Қара сөздер жинағы”. Оның алғашқы түпнұсқасымен танысқан Ахмет Байтұрсынұлы әсерін былай білдіреді: “Жинақты толықтай оқып шыққанымда, оның басқа данышпандардың сөздеріне ұқсамайтынын аңғардым. Айырмашылық айқын сезіледі, басында түсінбегендей боласыз, біраз уақыт өткеннен соң оқығаныңызға сене алмастай деңгейде боласыз. Сөзі аз, бірақ мағынасы кең әрі терең”. 1905 жылдың соңына қарай Әлихан Бөкейханұлы Абайдың “Қара сөздер жинағы ” қолжазбасын баспадан шығаруға дайындайды. Алайда, «қазақтар арасында сепаратистік көзқарасты таратқаны үшін» деген желеумен 1906 жылдың қаңтарында түрмеге қамалар алдында қолжазба Әлихан Бөкейханұлының жеке заттарының ішінен табылады. Ә.Бөкейханұлы бұл қолжазбаны сақтауды және түрмеден шыққаннан кейін қайтаруды сұрап, ресми өтініш жазады. Дегенмен, Абай шығармаларын сақтаушы әрі жарыққа шығарушы болып есептелетін хатшы Мұрсейіт Бікеұлы (1860-1917) 1905 жылы жарыққа шыққан Абай шығармаларының жинағына дәл осы түпнұсқаны пайдаланды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Мұрсейіт Бікеұлы Абай қолжазбаларын 1905-1907 жылдары жинап, 1909 жылы Санкт-Петербург баспасынан «Қазақтың данышпан ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдер жинағы» деген атпен жарыққа шығарды. Кейінірек, 1916 жылы Орынборда, 1922 жылы Қазан мен Ташкентте Абайдың поэмалары мен өлеңдері басылып шықты. Ал 1918 жылы оның “Қара сөздер жинағының” алғашқы бөлімдері тұңғыш рет «Абай» журналының бірінші санында жарияланды.
Жоғарыда көрсетілген тарихи шолудан ескеретін маңызды жайт, Абайдың атағы мен беделі 1880 жылдан бастап қалыптасып, кейінгі 40-50 жыл аралығында Кеңес одағы құрылғанға дейін шырқау шегіне жетеді. Сондықтан Абайдың бұрыннан қалыптасқан танымалдығы мен беделі оның шығармаларын Кеңес одағының ұлттық саясатына оңай бейімдеп, пайдалануға болатындай деңгейде еді. Абай өмір сүрген дәуірдегі бай тап өкілдерінің сынына қарамастан, оның идеялары жұртқа кең тараған. Абай шығармаларынан қуаттанған қазақтың ұлттық реформашыл қозғалыс өкілдері алдымен патша, кейінірек кеңес үкіметінің қарсылығына тап болды, тіптен түрмеге қамалып, 1930-жылдардағы Сталиннің қуғын-сүргіні кезінде өлім жазасына кесілді. Сталин дәуіріндегі ұлтшылдыққа қарсы бағытталған саясатты қазақ тарихы мен Абай ықпалын «төмендетудің» көрінісі ретінде қарастыруға болады. Дегенмен де, Абай шығармашылығы танымал болып қала берді.
1934 жылы Сталин қудалауынан қашып, Германияда жүрген Орталық Азияның реформашыл көшбасшылары Абайдың қайтыс болғанының 30 жылдығына орай арнайы жинақ шығарады. Германияда шыққан “Яш Түркістан” журналында Абайды еске алу құрметіне Есім Тұрсын деген атпен шағатай тілінде мақала жазған автор мынадай пікір айтады:
“Ресей зерттеушілері Абай орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовты оқып, олардың еңбектерімен таныс болғандығын жазады. Большевиктер Абайды “дала аристократы” қатарына жатқызып, оны шектен шыққан ұлтшыл, феодалдар мен байлардың ақыны деп айыптаумен әлек. Бізің түсінуімізше, Абай – ұлттық әдебиеттің шынайы реформаторы, сондықтан ғалым қазақ әдебиетін жаңа дәуірге сәйкестендіріп, оған ұлттық рух пен ұлттық мінез берген”.
Есен Тұрсын айтып отырған “жаңа дәуір” – Абай өмір сүрген шақтағы мұсылманшыл мәдени және саяси модернизация жүзеге асқан кезең. Одан кейін Кеңес одағының ұлттық автономияға негізделген ұлттық саясаты орнады, бірақ бұл кезең де лезде аяқталды. Сталиннің “ұлы терроры” ұлтшылдықты қолдау бағытынан ұлтшылдыққа қарсы саясатқа ойысуға себеп болды. Ал кеңес тарихтану ғылымы болса осы қалыптасқан ережелерге мойынсұнуға мәжбүр болды.
Аталған тарихи контекстіден байқағанымыздай, Абайдың “кеңестенуі” – кеңестік Ресей ғалымдарының емес, 1930 және одан кейінгі кезеңдегі қазақ ғалымдарының Абайдың реформашыл модернистік көзқарастарын ығыстырып, оның орнына жаңа кеңес тарихнамаcымен қабысатын көзқарастарды енгізуінің нәтижесі. Бұған 1934 жылы Абайды еске алған қазақ ғалымдарының жазбаларындағы өзгерістер дәлел бола алады. Мысалы, Сәкен Сейфуллин мақаласында “Абайдың қазақ әдебиетіне қалдырған ұлы мұраларын Лениннің іліміне сәйкестендіріп, өз пайдамызға жарату – біздің борышымыз» деп көрсетті. Ілияс Жансүгіров Абайды түсіндіруде Сейфуллин секілді социалистік әдістемені қолданды. Жансүгіров “жаңа мән-мағына,” “жаңа мәдениет,” “жаңа әдебиетке” назар аудара отырып, бұларды Абай шығармалары сипаттаған “ескі” дәуірге қарсы бағыттайды. Cоған байланысты, Абай еңбектері “қазақтың ескі жолын” сынға алып “жаңа, модернистік, прогрессивті”, яғни кеңестік даму жолына түсу тұрғысынан түсіндірілген. Аталған екі мақалада әсіресе Сәкен Сейфуллин қазақ ұлтшылдығына аса зор мән берген. Сондықтан болар, ғалымдардың қысқа ғұмырының соңғы жылдары жазған бұл еңбектері сталиндік қуғын-сүргін кезінде оларға айып тағып, соттауға негіз болған.
Абай мұрасын ары қарай дамытқан – Мұхтар Әуезов болатын. Сталиндік «ұлы террордан» аман қалу үшін, әрі Абай мұрасын сақтап қалу мақсатында М.Әуезов Абайға толықтай «кеңестенген» баға береді. Абайды қайта интерпретациялауға көп жылын сарп еткен М.Әуезов ғұламаның қайтыс болғанының 50 жылдығында сол еңбегінің нәтижесін жарыққа шығарды. Еске алу шарасында Әуезов өте байыпты, екшелген әрі сендірерлік баяндама жасайды.
С.Сейфуллин, І.Жансүгіров және басқалары секілді М.Әуезов те Абайдың шығармаларың зерттеуде кеңес тарихнамасына сәйкес келетін қазақ ұлтшылдығына назар аударады. Әуезовке Абайды кеңестік тұрпатта сипаттау мәжбүрлі түрде міндеттелген болатын. Ол 1923 жылы “Кеңес еңбек хаттамасын бұзған ұлтшыл белсенді” деп айыпталып, Ташкенттің орнына Мәскеуге оқуға жіберіледі. Одан кейін 1927-1929 жылдар аралығында Абай шығармаларының екі томдығына материал жинаумен айналысады, алайда 1930 жылы кеңес үкіметі оны “халық жауы” деп айыптап, екі жылға түрмеге жабады. Әуезов өзінің ұлтшыл ойларынан, Абай туралы зерттеулерінен жария түрде, яғни баспасөз арқылы бас тартуға келіскеннен кейін ғана түрмеден босайды. Одан кейін Әуезов өз еңбегін 1939-40, 1945 және 1957 жылдары өңдеп шығарады. 1942-1957 жылдары ол әйгілі «Абай жолы» романының төрт томдығын жариялап, бұл еңбегі үшін Ленин сыйлығымен марапатталады. Үлкен қарсылыққа қарамастан, Абай мұрасы «кеңестенген» деңгейде Орталық Азия халықтарына кеңінен танымал болды.