Американдық үндіс тайпалары мен қазақтар арасында не бар?

Америкалық тарихшы, Cолтүстік Каролинадағы Шарлотт Университетінің профессоры Стив Собол (Steve Sobol) өзінің “Өркениеттердің жанасуы: Америка мен Ресейдегі ішкі отарлауды салыстыру” (“The Touch of Civilization: Comparing American and Russian Internal Colonization”) деген кітабында Ресей империясының қазақ даласын, АҚШ-тың сиу атты үндіс тайпасын ішкі отарлау процестерін салыстырады. Ғалым еңбегінде мемлекеттің өз аумағындағы халықтарды отарлауын “ішкі отарлау” деп атайды. Үндістердің сиу тайпасы АҚШ-тың солтүстігіндегі Небраска, Миннесота, Оңтүстік Дакота және Солтүстік Дакота штаттарындағы резервацияларда өмір сүреді.

Ғалымдар жекелеген құбылыстарды не процестерді бөлек қарастырғанда кейбір мәселелер анық емес болса,  енді бірі ерекше оқшауланып көрінуі мүмкін. Салыстыру арқылы олардың арасында көп ұқсастықты байқауға болады. Сондықтан екі бөлек құрлықтағы ішкі отарлау процестері сол кезеңдегі әлемдік империалистік саясаттың бір бөлігі ретінде зерттелді.

Отарлаудағы айырмашылық

19 ғасырдың ортасында, АҚШ үкіметі сиу халқының тілін, киім үлгісін, тіпті жұмыс істеу тәсілінің өзін америкалық тәртіпке сәйкес келетіндей етуге күш салды. Ал Ресей қазақтардың өздеріне адал қызмет етуін қалады. Бірақ олар қазақтардан орысқа айналуды талап етпеді. Әрине, қазақтар орыстардың тілін, мәдениетін, дінін қабылдайды деп күтті, дегенмен бұл – міндетті талап болған жоқ. Ресей қазақ жерін иемденіп, ол жерлерде сауданың дамығанын, қауіпсіздіктің қамтамасыз етілгенін қалады. Империялық кезеңдегі отарлау Ұлыбританияның Үндістандағы және Африкадағы, Францияның Алжирдегі отарлауына ұқсас болды. АҚШ та, империялық Ресей де Еуропа мемлекеттеріне еліктеді. Мысалы, екі отарлаушы мемлекет те өзіне бағынышты халықтарды жабайы, тағы ретінде сипаттады. Ресей империясы да, АҚШ та сол кезеңдегі жағдайға сәйкес әрекет етті, яғни екі мемлекет те жаңа ешнәрсе ойлап таппады, Еуропа империяларының басқа мемлекеттерді жаулап алу, отарлау саясатын  өздеріне бейімдеп, қайталады.

Патшалық Ресей мен АҚШ-тың Еуропа мемлекеттерінен айырмашылығы – екі империяның құрылымы мен ішкі отарлауы бір-біріне ұқсас болды. Екі мемлекеттің мақсаттарына сәйкес, “өркениеттендіру” немесе ағартушылық миссиялары сырттан емес, іштен жүргізілді. 20 ғасырдың басында АҚШ пен патшалық Ресей сиу мен қазақ халықтарын ішкі отарлауды жүзеге асыра бастады. Отарлаушылар “өркениеттендіру” мақсатында оларға жер бөліп, білім берді. 1890-жылдары сиулар мен қазақтар қару-жарақ пен көтеріліс арқылы емес, баспа ісі арқылы  отарлауға наразылық білдірді. Сиу және қазақ ағартушыларына отарлаушы қоғамға сіңісу үшін білім берілген, ал олар Америка мен Ресейдің  “өркениеттендіруші” идеологияларын өздеріне бейімдеп қабылдап, оған қарсы шықты.

Британия мен Францияда өркениеттендіруші идеологиялардың мақсаты – отарланған халықтарды өздерінің сыртқы империялық кейпіне сәйкестендіру болды. Отарлаушы мемлекеттер отарланған халықтарға «өркениет әкелуші» ретінде қарастырылды. Ағылшындар мен француздар үшін бұл процесс империя құру мақсатын көздеді. Ал АҚШ пен патшалық Ресейдің отарлауы соларға ұқсас болды. Екі мемлекет үшін өз жерлерін кеңейту – бір жағынан империя құру процесінің бір бөлгі болса, екінші жағынан ұлттық мемлекет құру жолындағы қадам ретінде қарастырылды. Америкалықтар бүкіл құрлыққа жайылып, жер кеңейтуді органикалық, яки табиғи процесс деп санады. Патшалық Ресейдің экспаниясы АҚШ-қа ұқсас болғанымен, оның империялық сипаты болды. Кеңейтілген жерлер мен халықтар патшаның боданына айналды, ал ондағы қоғам «жабайы және артта қалған» деп есептелді. Сөйтіп, сол кезеңдегі америкалықтар мен ресейліктер сиулар мен қазақтарды билеуші қоғам үшін маңызы төмен бұратана халық ретінде қарастырды. Ресей империялық концепцияны қабылдады, ал АҚШ риторикалық тұрғыда одан бас тартты.

Ерекше империялар

АҚШ пен патшалық Ресейге қатысты кең тараған көзқарастардың бірі – “олар басқалардан ерекше” деген пікір болды. АҚШ пен Ресей құрлық аралығындағы жерлерін кеңейтті, жергілікті халықтарды отарлады, оларды өздерінің саяси бірлестігіне енгізді, отарлағанған халықтарға арнайы белгілгенген жерлер бөліп берді, оларды интеграциялау, сіңістіру, немесе бөлектеу үшін білім, тіл, дін мәселелерінде саяси, әлеуметтік және мәдени басымдық орнатты. АҚШ пен Ресейде 19 ғасырдағы еуропалық имперализмнің Африка мен Азиядағы барлық сипаттары болды. Жалғыз ғана айырмашылығы – шетелдік экспанияның орнына олар өз жерлерін көршілес мемлекеттер есебінен кеңейтті. Отарлау әркелкі жүренімен, қазақтар мен сиу халықтарына оның әсері бірдей болды.

Салыстырып қарасақ, империялардың құрылымында, жаулап алу әдісінде, басқару тәсілінде, оларды қабылдауда әр елдің өзіне тән ерекшеліктері де, ұқсастықтары да болды. Ол кезде АҚШ пен патшалық Ресейдің бір-бірінен көп айырмасы жоқ еді. Дегенмен, олардың өздеріне тән ортақ сипаттары да болды. Америкалықтар да, патшалық Ресей де жер бөлу мен білім беруде бір мақсатқа жетуді көздеді, яғни олар отарланған халықтарды қоғамға араластыруға тырысты. Бірақ отарлаушылардың жерді бөліп беру әдісі мен сиу және қазақ балаларына білім беру тәсілдері әртүрлі болды.

Империялардың ортақ тұсы – олар отарланған қоғам есебінен шекараларын кеңейтіп, отарлауды ақтай алды. Құрама штаттар мұны “Manifest Destiny” арқылы жүзеге асырды. Ол бойынша “Американың негізі – христиан ұлты” деп жарияланды. Бұл дінді барлық құрлықтарға тарату сиу мен басқа да үндіс халықтарын қырылудан сақтап, аграрлық идеалды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді, көптен дами алмай келе жатқан халыққа америкалықтардың көмегімен прогресс алып келеді деп есептеді. Патшалық Ресей болса, Америка және Британ империяларының нәсілшілдік негізіндегі отарлығына теріс көзқараста болды. Патшалық Ресейдің пікірінше, қазақ даласында, Кавказда, Түркістанда болған қарсылық – Ресейдің экспансиясына наразылық емес, ислам фанатизмінен, әлеуметтік және мәдени артта қалудан туындаған бүлік қана. Сол кезеңдегі АҚШ пен Ресей сиу және қазақ халықтарын көшпенділік пен тағылық кесірінен туындаған әлеуметтік, экономикалық, саяси құрылымдардан азат етуді өздерінің христандық парызы ретінде қарастыру арқылы отаршыл саясатын ақтауға тырысты.

Батыстық және ресейлік отарлау

Қазақтар мен сиулар өз жерлерін қайтаруды талап еткенде, АҚШ пен Ресейдің мәселесі басталды. Екі отарлаушы мемлекеттің қазақ және сиу халықтарының жер үшін күресін тек «жабайы» мәдениетін, әлеуметтік-саяси құрылымы мен экономикасын сақтау үшін күресі деп түсінуі өзін-өзі алдау болды. Америкалықтар мен ресейліктер аграрлық идеал сиулар мен қазақтарды көшпенді және «жабайы» өмір сүру салтынан айыруға мүмкіндік береді деп есептеді. Сиулар мен қазақтар жерге басты құндылық деп қарап, оған ерекше маңыз бергендіктен қарама-қайшылық туындады. Әрине, жердің экономикалық маңызы болды, бірақ жер олар үшін ең алдымен мәдениеттің, өмір салтының құрамдас бөлігі саналды. Оның үстіне, Америка мен патшалық Ресей ойлағандай, сол уақыттағы сиу және қазақ қоғамдары тоқырауда болған жоқ, керісінше олар өздерінің өмір салтын сақтау үшін жаңа технологиялар мен стратегияларды қолдануға тырысып бақты.

Федералдық мемлекеттің тәртібі бойынша, үндістерге қатысты саяси шешімдер Вашингтонда қабылданып, оларды аймақтарда федералдық мекемелердің қызметкерлері жүзеге асырып отырды. Ал, Ресей империясында Санкт-Петербургтен шыққан шешімдерді орындауда Сібір, Түркістан, қазақ жерлеріндегі жергілікті генерал-губернаторлардың қолында біраз еркіндік болды. Америкадағы жергілікті басшылар Вашингтоннан келген шешімдерді түзете алмады, оны толық орындауға міндетті болды. Жергілікті ұлт мәселесіне келгенде өзін демократиялық деп есептейтін Вашингтон үндістердің мәселесін орталықтан шешті. Себебі федералдық үкіметте үндістердің мәселесімен айналысатын арнайы құрылым болды. Ал Ресей патшасы өзі тағайындаған мыңдаған жергілікті басшыларға сүйенді. Ресей патшалығы автократиялық режим болды десек те, жергілікті басшылар қазақ даласында патша декреттерін әркелкі түсіндіріп отырды.

Салыстырмалы талдаудан байқағанымыз – сиулар мен қазақтарды ішкі отарлау мәселесі бойынша АҚШ экспаниясы Ресейдікіне ұқсас болған. Ішкі отарлау процесінің басты мақсаты – жергілікті халықтардың жерін тартып алып, сол арқылы қазақтар мен сиуларды толық бақылауға алу болды. Алайда, жергілікті халықтар қарсылық білдіріп, соның кесірінен конфликт туындады. Отарлаушы мемлекеттер жергілікті халықтың ұлттық мобилизациялану мүмкіндігі өздерімен тең келмейді деп сенді. Бұл тұрғыда Америка экспансиясының Батыстағы басқа мемлекеттердің отаршылдығынан ерекшелігі болмады. Дегенмен, АҚШ пен Ресейдің отарлау процесі қазақ және сиу ұлттарын жұмылдыруда үлкен мәнге ие болды.

 

 

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите Ctrl+Enter.

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments