Қазақты этностан ұлтқа айналдырған «Алаш» қозғалысы ма?

Жақында Nationalities Papers журналында Ирландиядағы Дублин университеті Әлеуметтану мектебінің оқытушысы Өзгежан Кесижидің (Özgecan Kesici) «Алаш» қозғалысы және қазақ этносы мәселесі» атты зерттеу мақаласы жарық көрді. Мақалада автор «Орысша білім алған қазақ интеллектуалдары басқарған «Алаш» қозғалысы ХХ ғасырдың басында қазақ этносын қазақ ұлты етіп қалыптастырды» деген тұжырым жасайды. Кесижидің айтуынша, қазақты «ұлт» деп жариялау арқылы қоғамды модернизациялауды мақсат тұтқан алашордашылар рулардың шыққан ортақ тегі туралы аңызды пайдаланған. Сол үшін де олар қазақтың үш жүзінің атасы саналатын «Алаш» есімін алған.

Қазақ ұлтын қалыптастырған бес фактор

Автордың тұжырымы бойынша, «Алаш» қозғалысының концепциясын жасаушылар қазақ ұлтын маңайдағы басқа ұлттардар ажырату үшін бес факторды пайдаланған. Олар – барлық қазақ руларының бір атадан тарағаны туралы аңыз, ортақ тағдырды паш ететін тарих, көшпелі өмір салты, Ислам дінімен байланыстың нашарлығы және «Алаш» лидерлерін қазақ ұлтының шын көсемдері ретінде легитимдендіру әрекеттері.

«Алашорда» мен сол кездегі аймақтағы басқа да қозғалыстар арасында өмір салты ұстанымы бойынша айырмашылық болды дейді автор. Оның себебі – Орталық Азияның оңтүстігіндегі халықтардың діни,  тілдік тұрғыда парсы және араб қоғамдарымен байланысы күшті болды. Өзбектер, ұйғырлар мен тәжіктер отырықшы болса, қазақтар малшылықпен айналысып, көшіп жүрген, сондықтан олардың әлеуметтік бірегейленуі де өзгеше болды. Сол себепті далалық жерде және тауда мекендейтін көшпелілердің дінмен байланысы да нашар еді.

Жер ресурстарының азаюы, сырттан қоныстанушылардың келуі сияқты проблемалардың кесірінен көшпелі қазақтардың экономикалық жағдайы нашарлай бастаған. Көршілес башқұрттар да осындай проблемаларды бастан кешіріп,  қозғалыс құру арқылы күресе бастайды. Башқұрт пен қазақтың мұңы бір болса да, патшалық Ресей башқұрт-татарға Думаға депутат жіберуге рұқсат берген,ал қазақтарды «тағы» халық ретінде санап, көзге ілмеген. «Осы кезде қазақтардың шекарасын басқа көршілес халықтардың шекарасынан ажырату мақсатында ұлттық тарихты қалыптастырып,  басқа қозғалыстардан ерекшелену қажеттігі туды», — жеп жазады  Ө.Кесижи.

«Алашты» дәріптеуге шежірені пайдалану

Қазақ тайпаларының бірлігін дәріптеу үшін «Алашорда» басшылары ежелден келе жатқан шежіре дәстүрін пайдаланды дейді автор. «Рушылдық қазақтардың арасында бәсеке мен араздық тудырып тұрғанына қарамастан, Әлихан Бөкейханов ортақ ататек туралы наным-сенімнің күшіне сенді, — дейді Ө.Кесижи. —  1917 жылы құрылған үкіметке «Алашорда» автономиялық үкіметі» деген ат қоюдың өзі осы сенімді құрал ретінде пайдаланып, Ресейдің империялық билігімен бетпе-бет қалған көшпелі тайпаларды біріктіріп, олардың жаппай қолдауына ие болуды көздеген саясат еді».

«Алашорда» атын алудың екі түрлі стратегиялық себебі болды дейді ғалым. Оның біріншісі – «ішкі стратегия», яғни қалың бұқара қабылдаған өткен тарихтың концепциясын бүгінгі күнгі белсенді күреске айналдыру. Яғни, француз әлеуметтанушысы П.Бурдье айтқандай, габитус (бір халықтың белгілі бір ортада өмір сүруінің арқасында қалыптасқан сезіну және бағалау ұғым-түсініктері) өзгеріп, бұрын «Құдайдың қолында болып келген билік шыққан тегі бір халық пен аңыздардың деңгейіне трансформацияланды».  Яғни, топтық бірегейлік пен ортақ тағдыр туралы ұғымдар діннен алынып, тарихтың құзырына берілді. Кесижи айтып отырған екінші стратегия – «сыртқы» стратегия. Ол бойынша элиталар осыған дейін болған басқару жүйесін бірлік жолында құрбан етеді. Мұндай жағдайда халық ішінде белсенді топтар көбейіп, олар ортақ идея жолындағы басшыларға қолдау көрсете бастайды. Тарихи оқиғалардың кесірінен  және сауатсыз қалың бұқараға жете алмағандықтан,  «Алашорда» автономиясында мұндай төменнен бас көтеру болмады. Дегенмен, интеллектуалдардың бұл әрекеттері кейін болатын серпіліске жол салып кетті, себебі олар ұлттық мәдени капиталды қалыптастырды»,- дейді автор.

Ұлттық мәдени капитал

Қазақ интеллектуалдары ұлттық мәдени капиталды қалыптастыру арқылы өздерінің Ресей империясындағы беделін көтеруге күш салды. Бұл үшін олар өздерін қалыптасқан ұлтқа тән атрибуттары, соның ішінде ұлттық тарихы бар халық ретінде дәріптеуге тырысты. «Ұлттық тарихты қалыптастыру шежірені қайта жазудан басталды. Алғашқы ұлттық мәдени капиталды қалыптастыру арқылы қазақ интеллектуалдары қазақ ұлтының негізін қалады», — дейді Ө.Кесижи.

Ғалымның пайымдауынша, Кәрім Бәтішұлы 1911 жылы «Айқап» журналына шыққан мақаласында алғаш рет қазақ шежіресін «Алаш» есімімен байланыстыруға тырысқан. Яғни, шежіреге сәйкес Алаштан тараған ұрпақтардан Қазақ және Созақ деген екі ұл туады. Қазақтың Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс есімді үш ұлы болады, қазақтың үш жүзі осы үш атадан тараған деген ой айтылады. Бұған қоса, «Алаш» есімін қазақ руларының басын қосушы фактор етіп қалыптастырудағы Шәкәрім Құдайбердіұлының да үлесі зор дейді Ө.Кесижи.

Олар біртұтас ұлт-мемлекет құрғысы келді

Автордың айтуынша, «Қазақ» газетіне шыққан «Қазақтың тарихы» атты сериялық мақалаларында жазбаша тарихи фактілерге сүйену арқылы Әлихан Бөкейхан ұлттың тегі туралы пікір айта алатын сенімді дереккөз ретінде танылуды мақсат тұтқан. Әсіресе Жошы хан билеген Алтын орда заманындағы қазақ халқының кемелденген кезеңі туралы ойлар өте маңызды. Бұл – қалың бұқараға ұлттың гүлденген кезеңі туралы мағлұмат берудің, сол арқылы ұлтты ұйыстырудың ыңғайлы жолы.  Яғни, интеллектуалдар ғылыми тұрғыда негіздеп, иландыратындай етіп дәріптеген аңыздар ел ішінде бұрыннан бар аңыздармен үйлесе кеткен. Кейінгі жылдары ұлттың тұтастығын қорғаған ержүрек батырлар поэтикалық шығармаларға арқау болып, тарих арқылы ұлтты ұйыстыру үрдісін одан әрі жалғастырды.

Тарихты еуропалық ғылыми әдіспен қайта жазу арқылы Ә.Бөкейхан қалың бұқараның көңілінен шығып қана қоймай, қазақ ұлтының бар екендігіне шүбә келтіріп жүрген топтарға, әсіресе Ресейдің империялық өкіметі мен Бүкілресейлік мұсылмандар қозғалысына тойтарыс берді дейді ғалым.  Алашордашылар мақсаттарына толық жете алмаса да, олар аймақтағы күштердің бөлінісіне, яғни Қазақ автономиялық республикасының құрылуына ықпал етті.

Кесижидің тұжырымы бойынша «Алашорда» көсемдері қазақ даласында «Алаш» идеясына сүйенген ұлт-мемлекет құруға ұмтылған. Бұл үшін олар қазақ ұлттық бірегейлігілінің нақты қалыптасуына күш салған. «Алты Алаш» деген анықтаманың аясына қазақ, өзбек, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз және түркімен ұлттары кіргенімен, «Алаш» көсемдері отырықшы халықтарды «Алашорда» автономиясына қосуға тырыспаған. Есесіне олар Қоқан автономиясының құрамында қалып қойған қазақтар тұратын облыс тардың «Алашорда» автономиясына қосуға күш салған. Яғни, егер Сырдария және Жетісу облыстары Қоқан автономиясының қол астында қалса, қазақ ұлтының жері бөлініп қалады деген пікірді ұстанған.

 ПОДПИШИТЕСЬ, ЧТОБЫ БЫТЬ ПЕРВЫМ В КУРСЕ СОБЫТИЙ 

comments powered by HyperComments